Соңғы үш жылда еліміздегі экотуристер саны 40%-ға өскен. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше Қазақстанда экологиялық туризмге деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Мәселен, 2022 жылы экотуристер саны 2 миллион адамды құраса, былтыр бұл көрсеткіш 2,8 миллионға дейін көбейген.
Саяхатшылар құмартып, жиі бас сұғатын орындар қатарында Іле-Алатау ұлттық паркі, Шарын шатқалы, Алтынемел және Көлсай көлдері бар. Бүгінде еліміздегі 14 ұлттық саябақ туризм қағидаттарына сәйкес инфрақұрылым жүйелерін дамытып келеді. Туристердің жайлы демалысы үшін визит-орталықтар, кемпингтер, глэмпингтер және өзге де нысандар салынып жатыр. Алдағы жылдары тағы 8 заманауи визит-орталық пайдалануға беріледі деп күтілуде. Олар ақпараттық жүйелермен, бағыттар көрсетілетін навигациямен және негізгі инфрақұрылыммен жабдықталмақ. Бұл орталықтар келушілерге табиғи экожүйе, жабайы жануарлар мекені, арнайы маршруттар мен қорғалатын аумақта жүру ережелері жөнінде ақпарат ұсынады.