Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес 2026 жыл — халықаралық еріктілер жылы. Аталған дата Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы негізінде бекітілді.


Мемлекет басшысы бұл ұсынысты 2020 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында жариялаған болатын. Осыған орай елімізде ауқымды дайындық жұмыстары басталған. Елімізде жылдан-жылға волонтерлік қызметті дамытуға айрықша мән беріліп, оның мән-маңызы насихатталып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілікті Әділетті Қазақстанды құру жолындағы қоғамдық бастамалардың бірі ретінде қарастырған еді. Бастаманы ілгерілетіп, жұмыстарды жандандыру мақсатында Астана қаласында ұлттық ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысы өтті. Онда халықаралық еріктілер жылын өткізуге дайындық мәселелері талқыланып, зерделенді. Кездесу барысында Ұлттық ұйымдастыру комитетінің алдағы мақсат-міндеттері мен жоспарлары талқыланды. Сарапшылардың пікірінше, 2026 жылы өтетін Халықаралық еріктілер жылы еліміздегі волонтерлер қозғалысына серпін беріп, бастаманың ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейде дамуына мүмкіндік тудырады. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайтады.