Сенатта өнеркәсіптік объектілердегі өрт қауіпсіздік мәселесі қаралды.Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары өртке қарсы іс-қимылдарды талқылау мақсатында төтенше жағдайлар, өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің өкілдерімен кездесу өткізді.


 Комитет төрағасы Андрей Лукин өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету өнеркәсіп саясатындағы басты міндеттердің бірі екенін қайталады. Төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергеновтың дерегінше, төтеншеліктер есебінде 12 мыңнан аса өндірістік нысан бар. Биыл мамандар 144 нысанға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, профилактикалық бақылау жасаған. Нәтижесінде соңғы үш жылда өндірістік нысандарда өрт, өрт кезінде қаза тапқан адамдардың саны және материалдық залал көлемі азайған. Отырыс барысында депутаттарға өрт сөндірушінің жаңартылған жауынгерлік киімі таныстырылды.