Түркістанда «Ашық әкімдік» кеңсесінде кезекті қабылдау өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Қабылдауға келген азаматтар түрлі мәселелерді көтерді. Олардың басым бөлігі мәдениет, ішкі саясат және спорт салаларына қатысты болды.


Тұрғындар спорт кешендері мен мәдениет ошақтарын салу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, арнайы көрме ұйымдастыру сияқты экономикалық және әлеуметтік бастамалар да талқыланды. Бірқатар азаматтар ауылдық жерлердегі мәдениет үйлерінің жағдайын жақсарту жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Ертай Алтаев қабылдау барысында әрбір мәселенің назардан тыс қалмайтынын, олардың хаттамаға енгізілетінін және заң аясында тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді. Тұрғындар көтерген түйткілдерді зерттеп, шешу жолдарын қарастыру үшін жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берілді. Мұндай қабылдаулар тұрғындар мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған. Түркістан облысының әкімдігі халық үніне құлақ асып, аймақтың дамуына кедергі келтіретін мәселелерді шешуге басымдық беріп отыр.