Түн тынышын бұзып, қоғамдық тәртіпке бағынбаған жүргізушілер анықталды. Шымкенттік полицейлер түнгі уақытта тұрғындардың мазасын алып, ұйқысын бұзған үш автокөлік жүргізушісін ұстады. Аталған азаматтар көліктеріне қуатты акустикалық құрылғылар орнатып, музыканы шектен тыс жоғары қойған.
Тексеру барысында машиналардың заңсыз қайта жабдықталғаны белгілі болды. Оларға арнайы рұқсатсыз дыбыстық құрылғылар орнатылған. Мұндай әрекеттер қолданыстағы заң талаптарына қайшы. Жүргізушілерге түнгі тыныштықты бұзып, көлік құралының құрылымына рұқсатсыз өзгерістер енгізгені үшін хаттамалар толтырылды. Автокөліктер арнайы айып тұраққа қойылып, ескерту жасалды. Тәртіп сақшылары көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтауға тыйым салынатынын, сондай-ақ түнгі уақытта тұрғындардың мазасын алу әкімшілік құқық бұзушылыққа жататынын еске салады.