Шымкентте жыл басынан бері қызметтік иттер көмегімен 64 қылмыс ашылды. Оның қатарында 15 ұрлық, 2 тонау және 15 есірткі дерегі бар. Түрлі иістерді ажыратып, жасырын есірткі мен қаруды лезде таба алатын көмекшілер биыл 442 жедел шараға қатысқан.
Төрт аяқты із кесушілер дәлел табуға, қылмыскерлерді ұстауға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады. Бұл санаттағы «полицейлер» — адал серік қана емес, қылмыс ашу, жоғалған адамды іздеу және тыйым салынған заттарды анықтау сынды маңызды міндеттерді атқарады. Олар көрсеткен нәтиже қызметтік иттердің қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтаудағы маңызын айқындап, тиімді серіктес екенін дәлелдейді.