Түркістанда интернет-алаяқтық бойынша 113 іс сотқа жолданды. 3 топ құрықталып, олардың 38 эпизодты қылмыстық істерге қатыстылығы анықталды. Нәтижесінде жәбірленушілерге 269 млн. теңге қайтарылған. Бұл туралы облыс орталығында «Кибералаяқтық: алдын алу, қорғау, жауапкершілік» тақырыбында өткен форумда айтылды. Мың адамды қамтыған шарада алаяқтарға алданбау, қарапайым қауіпсіздікті ұстану жайы кеңінен айтылды.
Форумның алғашқы бөлімінде ІТ-жабдықтары мен робототехника құралдарының көрмесі ұсынылды. Одан әрі бүгінгі таңда көп кездесіп жатқан алаяқтарға алданудың түрлері көрсетілген театрландырылған қойылым қойылды. Мақсат – кибершабуылдың алдын алып, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын түсіндіру.
Интернет-алаяқтық қылмыстарының өзектілігін ескере отырып, ағымдағы жылы Полиция департаментінде Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасы құрылды. Онда білікті жедел уәкілдер, тергеушілер, криминалисттер мен бірге ІТ мамандар жұмылдырылып, жұмыс атқаруда. Тәртіп сақшылары тиісті ақпараттық техникалық құрал-жабдықтармен және қызметтік автокөлікпен жабдықталды.
Департамент тарапынан жүргізілген арнайы жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, Астана қаласында орналасқан 13 күдіктіден тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталып, қамауға алынды. Олардың әрбірінің нақты белгіленген рөлдері болған. Қазіргі таңда күдіктілердің республика көлемінде 200-ден астам қылмысқа қатыстылығы анықталып, сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Қазір Түркістанда полиция қызметкерлерімен студенттер бірлесіп, «Кибернадзор» жүйесі арқылы 2 мың құқыққа қайшы контентті бұғаттады. Сондай-ақ білім беру мекемелерінде мұғалімдер мен студенттердің қатысуымен 250-ден астам жиналыс өткізілді. Жыл басынан бері облыс көлемінде 30 мың дана жаднама және 10 мың дана жабыстырмалы ақпараттық парақша таратылды. Бұл шаралардың барлығы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жасалып отыр.