Елімізде мүгедектігі бар 14 мың 900-ден астам азамат жұмыспен қамтудың түрлі шараларына тартылған. Бүгінде оның 108 мың 900-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Жыл басталғалы тұрақты жұмыс орындарына 874 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 191, жастар практикасына 80 азамат жолданған. Ал қоғамдық жұмыстарға 3248 тұрғын тартылған. «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» жобалары аясында 337 адам жұмысқа орналастырылған. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 17, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 1,3 мың адам қамтылған. Оның ішінде 726-сы сертификат алды. Халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға өз бизнесін ашу үшін 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі. Жалпы елімізде мүгедектігі бар 737,4 мың жан тіркелген. Бұл халық санының 3,7%-ын құрайды деген сөз. Олардың 376,7 мыңы еңбекке қабілетті жаста.