«Текті сөздің төресі – терме». Шымкентте ерекше форматта жыр-терме кеші өтті. Өңірімізге белгілі музыка мамандары терме орындап,  жастарды өсиет өлеңді жиі тыңдауға шақырды. Сондай-ақ терменің насихатталуы мен бүгінгі жай-күйіне тоқталды. Жалпы жастардың термеге көзқарасы қалай? Қайтсек, сөз құдіретін терең түсінетін азаматтар ортасын қалыптастыра аламыз?


Терме - қазақ халық поэзиясында қалыптасқан лирикалық өлең түрі. Ғибраттылық мәні бар моральдық идеялар тұрғысынан әр нәрсені теріп айтып, бірінен екіншісіне еркін ауысып отыру термеге тән қасиет. Ол нақыл сөз үлгісінде құрылып, әдетте өнегелі сөздердің тізбегіндей болып келеді.

Шығармашылық кездесудің мақсаты  – атадан балаға қаймағы бұзылмай жеткен ұлттық өнерді әлеуметке боямасыз ұсыну және дәстүрлі өнерді жастар арасында кеңінен дәріптеу. Сондықтан да Жастар ресурстық орталығы студенттер мен термешілердің басын қосып, игі шараны ұйымдастырып отыр.
Жиында Шымкент саз колледжі ән салу бөлім меңгерушісі, дәстүрлі әнші, термеші - Жақып Спатаев, Б.Өтеп атындағы мамандандырылған «Өнер» мектеп-интернатының ұстазы, термеші - Құнанбай Байтенов, Саз колледжінің дәстүрлі ән бөлімінің ұстазы, әнші, термеші - Ербол Қалмырзаев студенттердің сұрағына жауап беріп, терме орындады.

Жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жастары терме тыңдап, рухани байыды. Ал мамандар жастардың терме тыңдауға қызығушылығын ояту үшін заманға сай әрлеу керек дейді.  
Қазақтың ұлттық музыкасы – ұлттың інжу-маржаны. Жыр-терменің пішіні мен мазмұны толғауға біршама жақын. Толғауда қоғамдық-әлеуметтік сарындар басым болса, ал термеде көбіне күнделікті өмірге, рухани, мәдени тірлікке қатысты жағдайлар көп мәнге ие болады.