Түркістанда тарқамайтын тамаша. Киелі шаһар төрінде Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның мерекелік концерті өтті. Бұл кеш Түркістан қаласының облыс орталығына айналғанына 7 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Өнерпаз қызығын көрген жұртшылық бір жадырап қалды.


«Керуен сарай» кешенінде өткен концертте алдымен Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әртістері мерекелік көңіл-күй сыйлады. Одан соң Роза Қуанышқызы «Түркістан», «Балдәурен», «Сол бір кездер», «Туған ел», «Домбыра туралы баллада», «Тойға шашу», «Ғажайып шексіздік» сынды жүрекке жылы әндерді орындап, көрермен ықыласына бөленді. Шәмші әндерін шырқады. Көпшілік атаулы күнде ағынан жарылды.


ҰЛЖАН МҰСТАФАЕВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ

Мен Түркістан облысының жақсыларын облыстың 7 жылдық мерекесімен құтықтаймын Біз бірге армандадық Түркістанымыз қашан көркейіп өседі деп. Енді қазір бүкіл дүние жүзі алдымызға келіп жатыр.


РОЗА НАРЫМБЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Түркістанның қай жағынан қарасаңызда жарқырап тұрған өмір. Дамыған өркендеген түркістан.


Тарихи атауы тереңнен тамыр тартатын Түркістан облысы 2018 жылы дамудың жаңа белесіне көтерілді. Мыңжылдықтар тоғысындағы рухани шаһарға облыс орталығы мәртебесі беріліп, қаланың жаңа тынысы ашылды. Табиғи дарынымен қазақтың атын әлемге танытып, «Түркістан» атауын ән әлемінде қалықтатқан Роза Қуанышқызының айтулы күнді түркістандықтармен бірге қарсы алғаны – зор мәртебе.


РОЗА РЫМБАЕВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ

Түркістан әлі ел таңқаларлықтай қала болатынына мен сенем. Себебі Түркістан өзі киелі жер. Әрбір өтіп жатқан өмірі ол ерекше. Бақытты халық тұрады. Біздің халық осы Түркістанның өркендеуіне еңбек етіп жатыр.


Концерт барысында сахна төріне Әли Оқапов пен Мади Рымбаев шығып, заманауи ырғақты және лирикалық әндермен кешті әрлей түсті. Әсіресе үш өнер иесінің «Ертеңіме сенемін» атты бірлескен орындауы кештің шарықтау шегі болды. Айтып өтейік, соңғы 7 жылда облыс экономикасы айтарлықтай дамып, жалпы өңірлік өнім 2,6 есе өсіп, 4,5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, инвестиция және инфрақұрылым бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Бүгінде Түркістан – сәулеті мен дәулеті жарасқан жаңа заман қаласына айналып отыр.