Коледж түлектері жұмыссыз қалмайды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында колледж түлектеріне арналған «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» атты форум өтті. Онда бос орындар жәрмеңкесі жарияланып, кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті таныстырылды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының түлектеріне бағдар берілді. Қанат Жолдасбек тарқата айтады.
Колледжді тәмамдаған Дәулет Таймырза бос орындар жәрмеңкесі болады дегенді естіген соң жиын алаңына арнайы келген. Мамандығына сәйкес жұмыс іздеп, түрлі вакансиялармен танысыпты. Сөзінше мұнда таңдау еркіндігі мол. Ұсынылып жатқан қызметтердің де айлық жалақысы жақсы.
ДӘУЛЕТ ТАЙМЫРЗА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Әрине жастар талабына сай жұмыс орындары бар.» - «Форумның жастарға көптеп пайдасы тиеді деп ойлаймын. Себебі айлық көрсеткіші де өте жақсы»
Биыл өңірде 12 мыңға жуық түлек колледж бітіріп, еңбек жолын бастайды. Олар 75 түрлі мамандық бойынша білім алған. Бүгінде облыстағы 50 колледж 700-ге жуық кәсіпорынмен тікелей әріптестік орнатып, тығыз байланыста жұмыс істейді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Биылғы оқу жылына колледждерге 15500 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді. Жаңадан 6 жұмысшы мамандығына лицензия алынды. Колледж түлектерін жұмыспен қамту басты назарда болады. Жұмыспен қамту көрсеткіщі де жоғары»
Облыстағы ірі кәсіпорындар мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, «Еңбек мобильділігі орталығы» арасында 3 жақты өзара ынтымақтастық меморандумдары түзілді. Жәрмеңкеге өңірдегі 40-тан аса жұмыс беруші қатысып, 1 500-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды.
АЛМАС ӘБДІҚАДІРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Түркістан облысындағы 50 коледждің 1500-ға жуықс студенті келді. Ірі компаниялар қатысты. Басым көпшілігі өндіріс орындары.»
Сондай-ақ бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде Солтүстік өңірлерге қоныс аударуды сүйемелдейтін «Тәуекел» қоғамдық ұйымы да қатысты. Бурахан Даханов бастаған Солтүстік Қазақстан облысының бір топ жұмыс берушілері қоныс аударуға ниет білдіргендер арасында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жайын түсіндірді. Айта кетейік, былтыр түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші 75%-ға жеткен. Ал биылғы жылдың алғашқы бес айында облыста 43 378 адам жұмыспен қамтылды. Оның 20 мыңнан астамы жұмысшы мамандық иелері.