Елімізге танымал кәсіпкерлер мен бизнес көшбасшылары Шымкентте бас қосты. Олар саладағы өзекті мәселелерді талқылап, жаңа мүмкіндіктермен танысты. «Парасат» бизнес клубының ұйымдастыруымен өткен форум жайында алдағы сюжетте.
10 жылдан астам уақыт бойы қаржы саласында табысты еңбек еткен Зарина Қабдіғали біртіңдеп бизнеске ауысқанын айтады. Тәжірибелі маман үшін бұл сала қиынға соқпағанымен, уақыт талабына сай икемделу қажырлықты қажет еткен. Бұл ретте, мұндай форумдардың берері мол дейді ол.
ЗАРИНА ҚАБДІҒАЛИ, КӘСІПКЕР
«Біріншіден, осындай керемет форумға шақырғандары үшін ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіргім келеді. Мен бұл басқосуда білім алу үшін ғана емес, өз тәжірибеммен бөлісу үшін де келіп отырмын. Бизнес – ол табыс көзі ғана емес, инвестиция. Кәсіпкерлер үнемі жаңашылдыққа қарай қадам басуының арқасында жетістікке жететіні анық. Сондықтан да мұндай ауқымды форумдардың берері мол деп білемін. Өйткені ірі кәсіпкерлермен бірге бізде алға ұмтылып, биік белестерді бағындырамыз».
Форумда әлемге әйгілі табысты кәсіпкерлер бизнесменнің болмысынан бастап, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, іскерлік қарым-қатынасы жайлы жан-жақты кеңестер айтылды. Сондай-ақ сала көшбасшылары жеке тәжірибелерімен бөлісіп, бренд қалыптастыру жолдарын кеңінен талқылады.
АРМАНЖАН БАЙТАСОВ, «ПАРАСАТ» БИЗНЕС КЛУБЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ
«Бренд қалыптастыру – бизнес негізі. Егер сіз табысқа жетуді қаласаңыз, не мықты брендпен, франшиза арқылы жұмыс істеуіңіз керек, не өз брендіңізді қалыптастыруыңыз керек. Ал өз брендіңді құру — ұзақ әрі күрделі жол. Мұнда сіз үнемі оқып, үздіксіз еңбек етуіңіз қажет. Бренд ойлап табу — бір бөлек, бірақ оны іске асырып, өмірде жүзеге асыру — басқа мәселе. Дайын брендпен жұмыс істеу біршама жеңілірек. Әрине, мұндай жұмыс қымбатырақ болады. Бірақ оның да артықшылықтары бар: танымал брендтің миссиясы, маркетингтік шығындары мен барлық бизнес-процестері алдын ала жазылып қойған. Сол себепті ірі брендпен жұмыс істеу өте ыңғайлы. Оның үстіне, сіздің компанияңыз да сол франшизаны ұсынған компанияның стандарттарына бейімделе бастайды. Бұл жерде әркім өзіне қайсысы тиімді екенін таңдауы керек».
Басқосуға еліміз бойынша 500-ден астам кәсіпкер келген. Осы орайда, ұйымдастырушылар олардың алған білімдерін шыңдау мақсатында бірлесе жұмыс істеуге шақырады. Нарық заманында бұл өте тиімді тәсілдің бірі екенін әлем елдерінің тәжірибесі дәлелдеген екен.
ЕСЕНАМАН ӘЛЖАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША «ПАРАСАТ» БИЗНЕС КЛУБЫНЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ
«Халыққа пайдамыз тисін деп әлемдік спикерлерді шақырып отырмыз. Шымкенттің 500 кәсіпкеріне форум ұйымдастырдық. Франциядан, Британиядан, Тәжікстаннан ағаларымыз келіп отыр. Алматыдан үлкен кәсіпкер ағаларымыз келіп отыр. Бұл біздің «Парасат» бизнес клубының 7-ші форумы. Құдай қаласа біздің форумымыздың нәтижесінде кәсіпкерлер бірігіп, үлкен кәсіп жасайды және бірге дамиды деген ойдамыз. Қазақстанға үлесін қосады деген ойдамыз».
«Парасат» бизнес клубының бастамасымен өткен бұл форум кәсіпкерлерге серпін беріп қана қоймай, Шымкенттің іскерлік әлеуетін де айқындай түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта мұндай іс-шаралар еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын табады.