Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне іріктеу жарысы өтті. «Оқсыз» спорт кешенінде өткен дүбірлі дода "Астана" күніне орай ұйымдастырылды.

Елімізде қазақ күресін дүниежүзілік деңгейде дамыту мақсатында жыл сайын күрестен халықаралық додалар өтеді. Ерекше болып өткен бұл күрес додасына облысымыздан іріктелген апайтөс 20 балуан қатысып, республикалық додаға жолдаманы сарапқа салды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан сайыстың ауқымы кеңейіп келеді. Ал, жарыстың күміс жүлдегері Түркістан қаласының үміті Әбдуғани Бибарыс барлық қарсыластардың осал еместігін айтты.     
         
Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша күрес додасына негізінен жас балуандарды көптеп тарту қолға алыныпты. Боз кілемге бос келмеген саңлақтарымыз ішінен бағы жанған жеңімпаз Қайсар Шәмшидинов алдағы кезде республикалық «Қазақстан барысы» күрес додасында облыс намысын қорғайтын болады. Қола жүлдені Шардара ауданының ұланы Руслан Аллаберді иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай және медаль, белбеу табысталды. Бірінші орынға 500 000 мың теңгенің сертификаты берілсе, екінші орынға 200 000 мың теңге табысталды. Ал, үшінші орын иегері 100 000 мың теңгені қанжығалады. Дүбірлі күрес бәсекесінде еліміздің спортының дамуына мол үлес қосып келе жатқан күрес саласының бапкерлері де марапаттан шет қалмады.