«Адам өмірін сәнді де салтанатты, мәнді де мағыналы ететін құндылық – еңбек. Адал еңбектің мәні ешқашан жоғалмайды. Әрбір жан биік арманына еңбектің арқасында қол жеткізеді». Бұл «ҚР Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері - Сабира Орманованың пікірі. Ел егемендік алған қиыс-қыстау кезеңде біздің бүгінгі кейіпкеріміз сауда-саттық жасап, ел нарығын киім-кешек, жеміс-жидекпен қамтыған алғашқы кәсіпкерлердің бірі. Кедірі мен бұдыры, қалтарысы мен бұлтарысы көп өмір жолында Сабира апай өзінің құдай қосқан қосағы Берік Ормановпен бірге қол ұстаса жүріп, талай қиындықтарды бастан кешті. Мойыған жоқ. Өйткені, еңбек бәрін де жеңетінін олар жақсы білді.
Әрбір ортада өзінің кәсібіне адал, ісіне берілген, өзі еңбек еткен ортамен біте-қай¬насып кеткен адамдар болады. Солардың бірі де бірегейі – Сабира Орманова. Бақытын еңбектен тапқан жан 1961 жылы Отырар ауданындағы Маяқұм ауыл округінде қарапайым отбасында д-үниеге келді. Әкесі Тоймахан Бейсенов ауыл мектебінде ұзақ жыл ұстаздық етіп, зейнетке шығыпты. Ал, анасы Дәріш апа – ерін сыйлап, жұбайының жағдайын жасап, бала тәрбиесімен үйде отырған ардақты жан деседі.
1995-96 жылдары Сабира апай жұбайы Берік ағамен бірге шетелден тауар тасуды бастады. Мәскеуге барған бір сапарында құрма жемісін апарған. Ол жақтан киім-кешек ала жүріп, сатушыға құрма ұсынады. Олар ауыз тиген соң, ұнатып тапсырыс бере бастайды. Ал, ресейден банан тасыды. Шымкент базарларын бананмен қамтып отырды.
Жаңа дәуір, жаңа кезеңдердің жаңалықтары Сабира апайды жаңа қадамдарға басуға жетеледі. Жаңа елдерге есік ашылды. Екімыңыншы жылдары Иран мен Қытай елдерінен әртүрлі жемістерді вагонмен әкеле бастайды. Себебі: сол жылдары елімізде Кеңес дәуіріндегі бау-бақшалар күтімсіз қалды.Бекрітн келе, Қытайдан, Ираннан алма тасып, ел қажетін жеткізіп отырды. Бірақ, ізденімпаз жанның көкейінде бір сауал тұрды? Қазақстанның ұшса, қанаты талатын жері бар. Әлемде жер көлемінен 9 орында тұр. Алайда, неге осы алманы өзімізде өсірмеске деген. Осы сұрақтың жауабын таба алмай қиналатын.
Осылайша, Сабира апайдың арманы ақиқатқа айналды. Араға жылдар салып, ел кәсіпкерлері шеттен жинаған тәжірибелерін өз елімізде іске асыра бастады.. Қарқынды бау егіп, халық оның жемісін жей бастады. Бұл 2010 жылдары болатын.
Сабира ханымның ұйымдастырушы қабілеті мен адамдар мен тіл табыса білуі қаладағы «Барыс» базарының ашылуына да ықпал етті.
Бүгінде жұрт Сабира ханымды «Барыстың бағын ашқан апай» деп атап кетті. Бұл жерде де өмірден көргені мен түйгені көп көрегенді жан жоқ-жітікке қол ұшын созып, қайырымды істермен айналысады.
Сабира Тоймаханқызы, құдай қосқан қосағы Берік Орманов екеуі, көпке мәлім, үлгілі, өнегелі отбасы. Ағайын-туыс пен жора-жолдастарының ортасында сыйлы, абыройлы. Беделді жандар! Мерекелі, берекелі дастарханы қашан да жаюлы. Қасиетті қара шаңырағынан қонақ үзілмейді. Астың дәмін, дастарханның сәнін келтіріп отырған ақ жаулықты ана. Отағасы Берік аға екеуінің отау құрғандарына 40 жылдан асыпты. Үш қыз өсіріп, тәрбиелеп, оларды оқытты. Бүгінде бір-бір қызметтің тізгінін ұстап отыр. Немерелерінің сүйікті әжесі. Бақытын еңбектен тапқан аяулы жанның ғибратты ғұмырдариясы өскелең ұрпаққа үлгі, өнеге.