«Жас ұрпақ әділ, адал һәм білімпаз, Отанға жанашыр болуға тиісті. Ұлттың жаңа сапасы дегеніміз осы». Жуырда ғана республикалық педагогтар сьезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деген еді. Ал, жасөскінді адалдыққа қалай тәрбиелеп жүрміз? Білімге құштар оқушыларға жағдай жасалып жатыр ма? Шымкентттегі «Дарын» орталығы Біркөліктегі «Аиса» деп аталатын демалыс аймағында дарынды шәкірттер үшін оқу-жаттығу жиынын өткізді. Озық ойлы оқушылар бұл жиында өздерінің ғылыми жобалары бойынша ізденді. Ал, ең үздіктерді «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева марапаттап, жасөскіннің жігерін арттырды.

 Ақбота Өсерханова Шымкенттегі №80 ІТ мектебінің 11-сынып оқушысы. Оның айтуынша, демалыс аймағында өткен 10 күнде өзі құралпы замандастарымен түрлі тақырыптарда ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. Табиғаты әсем тау баурайы талантты ұландардың ерік-жігерін шыңдады. Мұнда олар ештеңеге алаңдаған жоқ. Жаңа достар тапты. Оқыған-түйгендерін бөлісетін орта тапты.

Оқу-жаттығу жиыны жаратылыстану-математика бағытындағы химия, физика, математика, биология, информатика пәндері бойынша ұйымдастырылды. Шартараптан жиналған 40 баланың бәрі де бір-бір мектептің беткеұстарлары. Шараның жабылу салтанатында сөз алған «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева дарынды ұландарға жасалып жатқан жағдайлар туралы айтып, ел ертеңі жастарға сенім артты.  

Әр пән бойынша педагог-жаттықтырушылар оқушылармен командалық жұмыс жүргізді. Эксперттер М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің білікті профессорлары. «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасында білім сапасын арттыруға негізгі басымдықтар берілген. Осының аясында тындырымды тірліктер атқарылып жатыр. Қалалық ғылыми жобада жеңіс тұғырынан көрінген оқушыларға Алғыс хат пен сыйлықтар табыс етілді. Жас ғалымдармен қатар, профессор-оқытушы құрамының да еңбектері еленді.

Ғылым, білім саласына төгілген тер міндетті түрде ақталады. Жобаның басты мақсаты - дарынды балаларды академиялық қолдау. Оқу-білімге деген дағдыларын дамыту және зияткерлік әлеуетін қалыптастыру.Еліміздің ертеңі осындай жалындаған білімді жастардың қолында. Сан қырлы талантымен тәнті еткен ұландар 10 күнде айнымас достай болып кетіпті. Қимастықпен қоштасты. Енді олар ақпанда Астанада өтетін республикалық байқауда Шымкенттің намысын қорғайтын болады.