Ғалымдардың өзі тоқтамға келе алмаған «Ғайып Ерен Қырық Шілтен». Бұл тарихи жерлер туралы зерттеген этнограф ғалымдар көп-ақ, бірақ ортақ шешім мен тоқтам жоқ. Мағынасының өзі – араб сөзінен шыққан, «ғайып болып кету», «көзден таса болу» дегенді білдіреді. Сондай кие мен құпияға толы жер Түркістан облысы Төлеби ауданында бар. Арнаның «Ғажайып мекен» жобасында осы мекен туралы айтылған еді.    

Оңтүстіктің әр түкпірі қазынаға толы. Ел арасында «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» туралы түрлі әңгіме көп. Аңыз-әпсанаға сүйенсек, бағзы заманда бір сахабаның баласы жанына серіктерін ертіп, 40 кісі болып, қасиетті жерді аралап, түнеп, зиярат етіп кете беріпті. Қазығұрт бөктеріндегі жергілікті халық сол қырық кісіні ғайыптан пайда болған әулие дегенге сенеді. Олар туралы жыр-дастандар мен эпостық туындыларда да айтылады.

«Шілтен» - шырақшы деген сөз. Осы мекен он сегіз мың ғалам құбылысының шоғырланған жері дегенге де сенетіндер бар. Халық Ғайып Ерен Қырық Шілтенге келіп, зиярат етіп кетеді бүгінде. Әулие-әнбие аралап, өздерінің ой-мақсаттарын жүзеге асыруға тырысып бағады. Ал туристік маршрут ретінде бұл жерлер адамға ерек күш бері, тылсымға толы атмосфераны сезініп кетуге зор мүмкіндік.

Қырық тасқа қатысты аңыздар тым көп. Оларды ортақ байланыстыратын нәрсе де жоқ. Ғалымдардың түрлі пікірді қууы, нақты бір шешімге келе алмауының себебі осында жатыр. Бірақ түптің түбі – бұл мекеннің ерекше, жанға жайлы атмосферасы, тылсымға толы құбылысы бар екені айқын.