Бүгін болжам бойынша Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында ауа сапасы нашарлайды. Бұл туралы “Қазгидромет” мамандары мәлімдеді.
Еліміздің басым бөлігінде метеорологиялық жағдайлар тұрақты болғанымен, аталған үш қалада ауа ластануына ықпал ететін қолайсыз метеожағдайлар (ҚМЖ) орын алады. Қолайсыз метеожағдайлар – атмосферада зиянды заттардың шоғырлануына әкелетін табиғи құбылыстар. Бұл желдің бәсеңдеуі, тұман түсуі және ауа инверсиясы сияқты факторлармен байланысты. Мұндай жағдайда атмосферада зиянды заттардың таралуы баяулайды, бұл ауаның ластану деңгейін арттырады. Синоптикалық жағдайлардың (жел, жауын-шашын, температура, ылғалдылық) ауа сапасына тікелей әсер ететіні белгілі. Мұндай кезеңде мамандар тұрғындарға ашық ауада ұзақ уақыт жүрмеуге, бетперде тағуға және денсаулыққа зиянды әсерді азайту үшін қажетті шараларды қабылдауға кеңес береді. Әсіресе балалар, қарттар және тыныс алу жолдарының ауруларына бейім азаматтар сақ болуы қажет.
Сондай-ақ, оңтүстік өңірлерде аптап ыстық күтіледі. Бүгін, 15 мамырда, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарының шөлді аудандарында ауа температурасы +40…+43°C дейін көтеріледі. Мамандар тұрғындарға күннің астында ұзақ уақыт болмауға және сақтық шараларын ұстануға кеңес береді.