Шымкенттегі өнер-білімнің қарашаңырағы Саз колледжі жылды қорытындылады. Халықаралық және елішілік сайыстарда топ жарған студенттерін арнайы марапаттады. Бұл күні жыл бойында қолға алынған шығармалар паш етіліп, сыныптағы творчество сахнаға жол тартты.


Шымкент қаласындағы Саз колледжі – еліміздің өнер саласындағы беделді оқу орындарының бірі. Ол 1958 жылы құрылған 65 жылдық тарихы бар оқу ордасы. Саз колледжі көптеген танымал өнер иелерін тәрбиелеп шығарды. Ал бүгінгі шарада байрақты бәсекелерде колледждің намысын қорғағандарға құрмет көрсетті.


 СЕРАЛЫ ТІЛЕУБАЕВ, САЗ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

Бұл қасиетті қара шаңырақ. Осы жерден талай дүлдүл шықты. Біз олармен мақтанамыз. Жалпы қоғамда өнердің орны ерек. Бүгінгі жиын нағыз нәтиже. Балаларымыздың жыл бойындағы еңбектерін паш етіп отырмыз.


Колледжде қазіргі уақытта 11 мамандық бойынша білім беріледі, олардың қатарында аспаптық орындаушылық, вокал, музыка теориясы, хор дирижерлау, хореография және эстрада өнері бар. Бүгінде оқу орнында 500-ден аса студент білім алуда, оларға 150-дей білікті педагог дәріс береді.


 АБАЙ ҚУАНЫШ, СТУДЕНТ

Мен үрмелі аспаптар мамандығында білім алып келемін. Бұл колледж мен үшін үлкен сахнаның баспалдағы. Көптеген шығарманы осы жерден меңгердім. Алдағы жоспарларым да ауқымды.


Колледжде түрлі шығармашылық ұжымдар жұмыс істейді, олардың қатарында қазақ халық аспаптар оркестрі, үрмелі аспаптар оркестрі, джаз оркестрі «Биг Бенд», ішекті камералық оркестр, хор және «Шамсинур» халық би ансамблі бар. Бұл ұжымдар халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, колледждің беделін арттырып келеді.