Кәсіп бастауға ниетті, бірақ оған қажетті қаражаты жоқ азаматтарға мүмкіндік. 21 мамырдан бастап қайтарымсыз грант алу конкурсына құжат қабылдау басталады.
Оның межелі мөлшері 400 АЕК-ті, яғни 1 млн 572 мың 800 теңгені құрайды. Қатысушы бұл сомманы тек бір рет қана алуға құқылы. Өтінімдер Business.enbek.kz порталында қабылданады. Грант алуға жұмыссыздар қатарына тіркелген және жеке кәсіпкер ретіндегі тіркеу мерзімі 3 жылдан аспаған тұлғалар үміткер бола алады. Сондай-ақ үміткердің «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, кәсіпкерлік бағытта оқыған болуы қажет. Оны дәлелдейтін сертификат мерзімінің 3 жылдан аспаған болуы да ескеріледі деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, ресми өкіл Сәрсен Құранбек.
ҮМІТКЕР МЫНА ӘЛЕУМЕТТІК САНАТТАРДЫҢ БІРІНЕН БОЛУҒА ТИІС:
- еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдар;
- қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар
- Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.