Қазақстанда 2025 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында мемлекетаралық және халықаралық іздеуде жүрген 264 шетелдік азамат ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция департаменті мәлімдеді.


Қылмыскерлерді ұстау аумақтық полиция департаменттері мен Криминалдық полиция департаментінің үйлестіруімен жүзеге асырылған. Ұсталғандардың барлығы шет мемлекеттердің ішкі істер органдарының сұранысы бойынша іздестірілген. Мәселен, Жамбыл облысында Өзбекстан Республикасының 48 жастағы азаматы қолға түсті. Ол 2025 жылдың ақпанында Ташкент облысында отбасылық жанжал кезінде жұбайын ұрып-соғып, оның өліміне себеп болған. Түркістан облысында 2003 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген 71 жастағы ер адам ұсталды. Сондай-ақ Жамбыл облысында Қырғызстан азаматы қолға түсті. Ол 2022 жылы Ресейдің Липецк қаласында танысын пышақтап өлтірді деген күдікке іліккен. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің сұрауы бойынша елден тыс жерлерде де 57 қылмыскер ұсталған. ІІМ өкілдері бұл жұмыстардың халықаралық қылмыспен күрестегі нәтижелі ынтымақтастықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.