Отбасы – қоғамның іргетасы. Бұл мереке бірлік пен берекенің, сүйіспеншілік пен мейірімнің символы іспеттес. Арамызда отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұлттық тәрбиені насихаттап жүрген әулеттер аз емес. Солардың қатарында Нарымбаевтар да бар. Көпке үлгі бола білген құтты шаңырақта әріптесім Гүлнара Асқарқызы болып қайтты. Сюжеттен көрейік.
Нұрлан мен Злиханың шаңырақ көтергендеріне биыл 17 жыл. Осы жылдар ішінде өмірдің қуанышы мен қиындығын бірге бөліскен жарасымды жұп талай сынақтан сүрінбей өткендерін айтады. Осы уақыт аралығында бір-біріне деген сыйластық пен түсіністік олардың басты тірегіне айналған.
ЗЛИХА МЕЙРАМХАНҚЫЗЫ, АЛТЫН АЛҚА ИЕГЕРІ
«Отбасының тату-тәтті болуы екеумізге байланысты деп ойлаймын. Мысалға, біреуміз ашуланып тұрсақ, біреуміз үндемей қоя салып дегендей. Сол кезде жақсы отбасы, тату-тәтті және берік болады деп ойлаймын отбасымыздың. Аллаға шүкір отау құрғанымызға биыл 17 жыл. Сол 17 жыл ішінде көптеген қиыншылықтар да болды, қызықшылықтар да болды. Соның барлығын екеуміз бірге ауызбіршілікпен, түсіністікпен бір-бірімізді демеп қолдап осы уақытқа дейін өмір сүріп келе жатармыз. Аллаға шүкір бүгінде 7 баланың ата-анасы болып отырмыз».
Нарымбаевтар отбасы көпбалалы үлгілі жанұя. Отағасы әскери адам болғандықтан бала тәрбиесіне баса мән беретінін айтады. Олардан бірінші кезекте жауапкершілікті талап ететін әке әркез еңбек пен тәртіпке, отансүйгіштікке баулитынын тілге тиек етті.
НҰРЛАН НАРЫМБАЙ, «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – 2023» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
«Жас балалар деген үлкендерден не көрсе соны қағып алады. Сондықтан біз, жұбайым екеуміз не болса да көрсетпейміз. Түсінбеушілік болып жатса өзіміз жеке шешуге тырысамыз. Өзімнің әскери салада істегеніме 23 жыл болды. Сонда қазір мынау сарбаздардың әскери тәртіпке сәл шыдамайды. Өйткені, неге тәрбие дұрыс болмағандықтан. Сондықтан айтарым, баланы жақсы тәрбиеге үйрету керек, жайтайынан. Әскерге келсе ананың, қарындастың, бауырдың қадірін түсінетін болады».
Бұл отбасында әр сәт естелікке толы. Қайсыбір байқауға қатысса да жүлдемен оралатын жанұяның ата-анасы да баласы да өнерлі. Сол таланттарын шыңдауда арадағы құрмет пен махаббат үйлесім тапқан десек, артық айтпағанымыз болар.