«Мархабат мақамдары» байқауы басталды. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған сайысқа 14 бала қатысуда. Олар алдымен проза жанрын қамтып, драматургияның қыр-сырына үңілмек.
Оқу орындары арасындағы сайыстан сүрінбей өткен оқушылар мен студенттер бүгінгі қалалық байқауда барын салды. Қара сөзден түйін түйіп, драматургияның қыр-сырына үңілген олар Мархабат Байғұттың шығармаларын жан-жақты ашуға тырысты.
ГҮЛМИРА ЖАНЫСБЕКОВА, ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Біздің енді басты критериміз бұл әрине қатысушының оқып жатқан, өзінің ұсынып жатқан шығармасын толыққанды білу. Қай шығармасы болса да соны зерттеп, зерделеп ұсынып соны халыққа ұсына білу. Бізді, көрерменді сендіру. Мархабат Байғұт ағамыздың шығармалары өте терең, өте мағыналы ғой. Бұл кісінің жазу стилистикасының өзі ерекше. Сол себепті жазушының негізгі ойын жеткіз».
Қаламгердің қайсыбір шығармасын алып қарасақ та шынайы өмірді, көркем бейнені, әсерлі пейзажды, қимыл іс әрекет сияқты әдебиеттік түрлі образдар жасау үшін қажетті сөздерді талғап, талдап, ұқыптылықпен қолдана білгенін байқаймыз. Жазушының шеберлігі сол, екі бетке жүк болатын оқиғаны, екі ауыз сөзбен, өте қарапайым да түсінікті тілмен кесек шындықты жинақы түрде көз алдыңа алып келе білуінде.
НАУРЫЗ АТАМБЕК, ҚАЗАҚСТАН ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
«Ол кісі өзін мақтауды аса ұнатпайтын. Кітаптары жайлы айтып жатсаң «Интернат наны», «Патифон» біз бала кезімізде сүйіп оқыдық. Көзімізге жас келіп тұрып оқыдық. Соларды айта бастасаң тақырыпты басқа жаққа бұрып жіберетін. Тақырыпты бұру жағынан ол кісі өте шебер болатын. Мысалы, жазушылардың мерекесімен, өзінің белгі алуымен, Құрмет иесі болуымен құттықтап телефон соға қалсаң, қалай, денсаулық қалай, балаларың аман-есен ба деп дереу тақырыпты бұра қоятын. Ол жағынан өте шебер еді. Сол шеберлігінің арқасында «Дауыстың түсі» деген әңгіме жазды.
Ел-жұртының ыстық ықыласына бөленіп, мақтанышына айналған Мархабат Байғұттың қазақ әдебиетінде өзіндік бір ерекше өрнегі қалыптасқан. Оның қаламынан 10 повесть, 100-ден астам әңгімелер мен 6 пьеса, сонымен қатар мыңнан астам түрлі тақырыптарда мақалалар туындаған. Жазушы шығармаларын жан-жақты ашуға тырысқан байқау жеңімпаздарға қаржылай сыйақылар берілмек.