Бүгін халықаралық отбасы күні. Мереке Шымкенттің 160 мектебі мен 20 мәдени-демалыс аймағында кең көлемде тойланды. Оған 1 және 11 сынып аралығындағы 160 мыңға жуық оқушы қатысты. Абай саябағында өткен іс-шара «Хәкім әлемі – отбасы құндылығының темірқазығы» деп аталды. Шәкірттер данышпан шығармашылығын поэтикалық композициялар мен театрландырылған қойылымдар қойып, өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқыды.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, ресми өкіл Сәрсен Құранбек Абай саябағына арнайы барып, жас өрен өнерін тамашалады. Оқушылар Абай шығармашылығына терең бойлап, тылсымына тамыр жіберді. Соның бірі – 7 сынып оқушысы Айкен Қуаныш. «Хәкім мені жігерлендіріп, көзқарасымды ұштады. Оның толымды ойы мен отты өлеңдері жолсызда жол көрсетіп, адасқанда жөн нұсқайды. Сондықтан да Абай әлемі – қазақтың айнымас құндылығы», - дейді ол.
АЙКЕН ҚУАНЫШ, ОҚУШЫ
– «Абай шығармашылығы адамның мінез құлқы мен тәлім-тәрбиесіне әсер етеді.»
Саябақ бүгін рухани түлеп, құндылықтарға құшақ жайды. Жол жиегі ұлттық ойын ойнаған балалар мен қазақы тағам үлгілерін ұсынылған көрме композицияларына толы. Суретшілер дархан даланы бейнелеп, өнерпаздар ұлттық аспаптарды таныстырды. Оқушылар Абай шығармаларын жатқа оқып, мән-маңызын талдады. Сәрсен Абайұлының айтуынша, мұндай бастама балаларды жігерлендіріп, патриоттық таным-түйсігін ұштайды.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
– «Біз Абай шығармашылығын негізге ала отырып жас өрен санасына ізгілік дәнін себе білуіміз керек. Сол себепті де Сол үшін де біз мұны бір-бірімен байланыстырып отырмыз.»
90 жастағы тыл ардагері Өркен Абдреев: «Абай менің өмірлік жол серігім. 10 жасымда жаттаған жыр 80 жыл бойы медет беріп, айнымас ақылшыма айналды» дейді.
ӨРКЕН АБДРЕЕВ, ТЫЛ АРДАГЕРІ
– Ұшады бозша торағай көлден ықтап, басқайсың аяғыңды нықтап-нықтап, кәрі шешем естімейді нана берсін, берейін өлеңіммен шын құттықтап!» деп 10 жасында анасына өлең жазған екен. Осы өлеңді мен 80 жыл бұрын жаттаған едім, әлі ұмытпаймын. Өйткені Абайдың әрбір сөзі қазаққа жөн сілтейді.»
Жиында қоғамдық кеңестің төрағасы Бұқарбай Парманов та сөз алып, бастама көтерді. Абай саябағындағы тал-дарақтың әрбірін шшаһар оқушыларына бөліп беріп, иығына оны баптау жауапкершілігін жүктесек деген ұсынысын жолдады. Сөзінше, бұл жас өренді ортақ мүддеге жұмылдырып, табиғатқа, отанға деген сүйіспеншілігін арттырады.
БҰҚАРБАЙ ПАРМАНОВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ
– «Біз баланың еңбегін пайдаланбаймыз. Біз балаларды табиғатпен тілдестіреміз. Ертең күні әкім, инженер сынды т.б маман болған кезде осы шаруаларды білуі тиіс.» «Абай саябағын адам танымастай өзгертейік. Саябақты абаттандырайық.»