Түркістан облысында көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Жол картасына енгізілген тапсырмалар орындалған. Облыс әкімі аппаратының апталық отырысында өңір басшысы Дархан Сатыбалдыға осы жұмыстардың атқарылу барысы баяндалды. Осы орайда, облыс әкімі су айдындарын және су қоймаларды тұрақты бақылауда ұстап, су тасқынына қарсы іс-шараны толық атқармаған аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.

Жиында салаға тиісті қолдаудың көрсетілгенін айтқан аймақ басшысы,  су тасқынына қатысты тапсырманы орындамаған аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшысына жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.

2023-2024 жылғы күз және көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайдың алдын алу және тасқын суларды апатсыз өткізу жоспары аясында да бірқатар жұмыстар атқарылған. 1000 шақырымды құрайтын 1327 қашыртқы арна механикалық тазартудан, 1100 шақырымды құрайтын 260 арық-атыздың арнасы мен автожол астындағы 149 өткел қоқыс, топырақтан тазартылды. Департаменттің аумақтық бөлімшелерімен өткен жылдың қараша айында елді мекендердің дайындығы тексеріліп, 7 аудан, қаланың 40 елді мекеннің дайын еместігі туралы хабар берілді. Қазіргі таңда 29 елді мекеннің кемшілігі жойылды. Тасқынға қарсы 101 мың дана қап, 8 мың тонна жанар жағармай қоры мен 40 млн. теңге көлеміндегі азық-түлікке мемормандум жасалып, 296 бірлік инженерлік техника әзірленген. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаментінің 175 жеке құрамы мен 144 құралы (38 тех. 5 қайық, 116 мотопомпа), «Тұран су» мекемесінің 40 бірлік инженерлік техникасы дайындыққа келтірілді. Қиын жағдайдағы «Қапшағай», «Ырмақ-Өзен» «Майдантал» су қоймалары күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілген.

Жиында «Тұран-Су» ШЖҚ МКК басшысы Досхан Лесов 2023-2024 жылдардағы су тасқынына қарсы әзірленген инженерлік жоспары бойынша аудан, қала әкімдіктерінің сұранысы негізінде техникалар бөлініп, 6 аудан, қаладағы тасқын суды өткізетін 47,5 шақырым өзен арналары мен арықтар тазартылғанын жеткізді. Осы орайда, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Шардара, Отырар, Ордабасы, Сауран аудандары мен Арыс қаласы әкімдіктерімен бірлескен іс-шара түзіліп, жоспарланған 679,7 шақырым каналдардың, бүгінгі таңда 659,9 шақырымына тазалау жұмыстары жүргізілген немесе 97% орындалған. Нәтижесінде, шаруаларға ағын суды жеткізу мүмкіндігі артып, су шығындары азайып, елді-мекендер және инфрақұрылымдық нысандарды су басу қаупі жойылған.

Кәсіпорында төтенше жағдайға қарсы 130 тонна дизель отыны, 420 м3 қой тасы, 3300 дана қап, 200 дана габиондық тор, 20 тонна цемент, 48 дана плита бар. Облыс әкімінің қолдауымен кәсіпорынға облыстық бюджеттен 2 дана экскаватор, 3 дана бульдозер және 2 тұрғынжай вагоны алынған. Сондай-ақ бөліп төлеу негізінде «JCB» және «HITACHI» маркалы 39 экскаватормен қамтамасыз етілген 14 дана экскаватор 8 аудан, қала әкімдіктеріне кейіннен сатып алу тәртібімен жалға берілген.