Түркістанда су үнемдеу технологиясын енгізу көзделуде. Қазір су қоймаларын салу, жөндеу жұмыстары қарқын алған. Облыс аумағында 2 су нысаны жаңарудан өтіп, каналдар бетонмен қапталған. Соның нәтежиесінде елді-мекендерде су тапшылығы сейілген. Шаруаларды сумен қамтитын жобаларға әкімдік қашанда пейілді. Бұл туралы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды.
Облыста 8 ірі су нысанының құрылыстарын жүргізу қарастырылған. 2021-2023 жылдары 2 су нысан пайдалануға берілді. 18,5 млн. текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынған. Нәтежиесінде жылына 31,0 млн. м3 ағын су қосымша жеткізілуде. Ал «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталды.
Облыс әкімі суармалы жер көлемін арттыру, су қоймалар мен каналдардың тиімділігін молайтуды тапсырды. Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керектігін ескертті. Шаруаларды ағын сумен қамтитын жобаларға қолдау көрсететінін жеткізді.
Облыста су нысандарын қалпына келтіруге бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға ұлғаюда. 2023 жылы 69 шақырым канал бетонмен қапталып, 11,5 мың га суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі ұлғайды. Биыл ұзындығы 62 шақырым 11 каналды күрделі жөндеуге, сондай-ақ ұзындығы 488 шақырым қашыртқыларды механикалық тазалауға 8,7 млрд. теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде 7,8 мың га суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, 19,4 мың га жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады.
Шаруаларға ағын су жеткізу – өзекті мәселе. Сондықтан бұл облыс әкімінің жіті бақылауында болмақ. Осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Каналдарды жөндеу мәселесі сапалы жүзеге асу керектігін ерекше айтты.