Шымкентте 15 базар модерницазиялаудан өткен. Оның 9-ы әмбебап болса, 6-ы мамандандырылған сауда орындары. Бүгінде 4 базарда жүріп жатқан жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұл ретте, ретсіз және заңсыз сауданың жолын кесу көзделіп отыр.

 Қала аумағындағы 24 базарда 8655 саудагер тіркелген екен. Алайда, оның 58 пайызы ғана салығын уақтылы төлеп, айналымын ашық көрсеткен. Ал, 3 мыңнан астам кәсіпкердің ісінде шикілік бар. Мұны, Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары зерделеу жұмыстары барысында анықтаған. Бұл ретте, көлеңкелі бизнестің жолын кесу мақсатындағы жұмыстар жалғасуда. Саудагерлердің басым дені  бүгінде QR код арқылы төлем қабылдап жүргендерін айтады.

 Дегенмен, халықтың қалай төлем жасайтыны өз еркінде. Жастар жағы бұл жүйені құптаса, егде тартқандар тауарын қолма-қол ақшаға алғанды құп көреді.  

Сатып алған тауарына көңілі толмаған тұтынушылар енді, Смарт QR жүйесінде арызын қалдыра алады. Бүгінде Айна базарындағы әр  дүңгіршектің маңдайшасына QR код ілінген. Бұхараның базынасын әркез басты назарға аламыз деген базар әкімшілігі шағымдарды дер кезінде шешуге тырысатынын жеткізді.