Жолдауда мемлекет басшысы елімізде тіліне, дініне, ұлтына қарай ешкімге ешқандай қысым жасалмайтынын айтты. Әрі ел ішіне ақшаға бола іріткі салып, алауыздық туғызғысы келетіндерге қатаң ескерту жасады. Мемлекет басшысының айтуынша Қазақстанға орынсыз шүйлігетіндер қоғамға да билікке де еш әсер ете алмайды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев білім, медицина және әлеуметтік салалардағы мәселелерге тоқталып, оң өзгерістер жайлы айтты. Айта кетейік, биылғы Жолдауды тыңдауға өңірлерден қарапайым еңбек адамдары, қоғамдық кеңестің мүшелері мен волонтерлар келді. Досжан Маратұлы тарқатады.


Мемлекет басшысының биылғы жолдауы қарапайым еңбек адамдарын бір қуантып қойғаны анық. Өйткені президент 2025 жылды "жұмысшы мамандықтары" жылы деп жариялады. Сондықтан құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сияқты кез-келген салада аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшыларға көңіл бөлініп, мәртебесі артпақ.


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.


Иә, президенттің жұмысшы жылын жариялауы бекер емес. Елде құрылыс, су, энергетика сияқты салаларда маман тапшы. Сондықтан бұл мамандықтарға грант көбірек бөлініп, шетелдің белгілі 23 университетінің филиалдары ашылып жатыр. Бірақ жоғары ғана емес, кәсіптік білім беруге де көңіл бөлуіміз керек. Тіпті қарапайым қызметкерлерге берілетін құрметті атақ бұдан былай мемлекеттік марапаттар санатына қосылмақ.


 АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Біз үшін бұл өте маңызды. Жұмысшылардың мәртебесін көтеру деген бүкіл еліміздің ертең өнеркәсібіне ауыл шаруашылығымызға үлкен әсер беретініне сенеміз.



Маман даярлауда мектептердің де маңызы зор. Бірақ апатты, үш ауысымды білім ордаларының мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Қазір 1300-ден астам білім ұясын күрделі жөндеу қажет. Президент жұмысты үш жылда бітіру керек деді. Жеке меншік мектептер де назардан тыс қалмайды. Онда оқушылар білім алуы үшін биыл мемлекеттен 134 миллиард теңге бөлінген.


 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
---Ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады.


 Елімізде білікті дәрігерлер де қат. Денсаулық сақтау саласына тоқталған президент Міндетті медициналық сақтандурыға қатысты біраз былықтың бетін ашты. Әрі салаға биыл 3 триллион 300 миллиард теңге бөлінген. Бірақ соның нәтижесі шамалы деді. Цифрландыруға да миллиардтар бөлінгенімен, бір-біріне байланбаған ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасынан айтарлықтай пайда жоқ. Оның орнына Біріңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек деді президент.


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды.

Жұртты әлеуметтік тұрғыдан қолдау да арта береді. Қазір бұл бағытта мемлекеттік шығыстар ұлғайтылып келеді. Тіпті бюджеттің жартысынан көбі осы салаға жұмсалады. Десе де көмек шын мұқтадарға ғана көрсетіліп жатқан жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша қалтасы қампайып тұрса да, мемлекетке қол жайатындар бар.


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан, Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын.


Халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру үшін оны қаржылық сауаттылыққа үйрету де маңызды. Сол үшін жолдауда президент бұдан былай мектептерде және жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылық негіздері оқытылатынын айтты. Өйткені цифрлық технологиялардың дамуымен алаяқтық деректері де көбейіп барады. Сондықтан алыста отырып-ақ әлдекімнің атынан несие рәсімдейтін пысықайлармен күресу үшін сауаттылық қажет.


АБЗАЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Және оны шешу жолы ретінде өз басым банктердің қосымша жауапкершілігі мәселесін, керек десеңіз қылмыстық тәртіпте енгізу керек деп есептеймін. Өйткені жай қарапайым адам банкке барып несие рәсімдей алмайды. Алайда сыртынан телефон нөмір арқылы кредит рәсімдеп жатыр. Және ол бір емес, екі емес жаппай жағдайға ұшырап жатыр.


 Көлік логистика саласын дамытуға да басым бағыттардың бірі. Қазір 12 мың шақырым жол салынып жатыр. Президент тағы 10 мыңын салуды тапсырды. Бірақ ондағы қауіпсіздікке де мән беруміз керек. Мысалы жыл басынан бері жол апатынан 1300-ден астам адам қаза тапты. Олардың арасында тұтас отбасылар да бар. Сондай-ақ елімізде ешкімге тіліне, дініне, ұлтына байланысты ешқандай қысым жасалмайтынын айтқан президент, елімізге іріткі салғысы келетіндерге де мына ескертті.


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Бұған қоса бізге белгілі кейбір теріс пиғылды адамдар, оның ішінде шетелде жүргендер де бар, мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келеді, елімізге орынсыз шүйлігеді.Қазақстанның қоғамында да, билігінде де ешқандай «фобия» бұған дейін болған емес, қазір де жоқ, болашақта да болмайды. Сондықтан ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін мұндай жымысқы әрекеттерден түк шықпайтыны анық.


ДОСЖАН МАРАТҰЛЫ, ТІЛШІ
Сөз соңында мемлекет басшысы үнемі кейін қайырылып, өткенмен өмір сүруге, бұрынғы жүйеден немесе саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайтынын айтты. Осылайша бір жарым сағатта ел дамуының негізгі бағыт-бағдарын айқындап берді. Жалпы жолдауда айтылған шаруа шаш-етектен. Енді осы стратегиялық құжаттағы маңызды міндеттерді қалай іске асыру жайын Үкімет талқылап, ұлттық жоспар әзірлеуі тиіс.