Шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаров көшпенділер ойындарында топ жарды. Ол қалалық полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкері.
Астана төрінде өтіп жатқан дүбірлі додада жерлесіміз қазақ күресінен қарсылас шақ келтірмей алтын медаль иемденді. Шешуші кезеңде 100 келі салмақта Грузияның спортшысын тізе бүктірген палуан – қазақ елінің мақтанышына айналып отыр. Бала кезінен спортқа бейім болып өскен Ерсұлтан бұған дейін де көптеген спорт сайыстарында жүлдегер атанған. Қазіргі таңда халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионатының жеңімпазы. Бүгінде арнайы жасақтың сақшысы қиын жағдайда шұғыл әрекет етуге қабілетті. Халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтауда аянбай тер төгіп жүрген қызметкер.