Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 20-шы тур ойындары өз мәрсесіне жетті. Додада Түркістан облысы намысын «Тұран» командасы қорғайды. Жөндеуден өткен жасыл алаңда Қарағандының «Шахтер» командасын қабылдаған жергілікті аяқдопшылар 2-1  есебімен басым түсті. Стадионға 7 мың жанкүйер жиналып, ине шаншыр орын қалмады. Тартысты бәсекені Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы тамашалап, футболшыларға қолдау көрсетті.

 Алғашқы минуттардан-ақ ойын тізгінін өз қолдарына алған жергілікті команда, шабуылды үдетті. Қарқынды прессинг нәтиже беріп, ойынның 26-минутында Иван Хомуха есеп ашып, Тұран командасын алға шығарды.
Алаң иелері есепті еселеуге тырысса, қонақтар теңестіруді көздеді. Сондай ұрымтал сәттің бірінде «Тұран» қақпасына пенальти белгіленді. Айып соққысын қақпашы қайтарғанымен, төреші VAR жүйесіне үңіліп, пенальтиді қайта белгіледі. Мүмкіндікті мүлт жібермеген Қарағандылық кеншілер есепті теңестірді.  Командалар ұпай бөлісіп, тең тарқасуға жақын еді. Алайда, Түркістандық команда мінез көрсетіп, ойынның 99-шы минутында жеңіс голын соқты.