Елімізде мамандар тұрғын үй тапшылығы туындауы мүмкін екенін айтып, жиі дабыл қағып жүр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі кейінгі 3 жылда Қазақстанда қанша тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде қай облыстар алда тұрғанын хабарлады.
 

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша кейінгі 3 жылда республикада жалпы ауданы 50 млн шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға берілген. Оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы – 20 млн шаршы метр және көп пәтерлі тұрғын үй кешені – 30 млн шаршы метрді құрайды.


"Биыл елімізде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 15,5 миллион шаршы метрден 18 миллион шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ пайдалануға берілген 439 752 пәтердің 113 871-ін тұрғындар салған. Статистика бойынша, 2023 жылы – 157 060 пәтер, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы бойынша – 34 881 пәтер салынды", – делінген ресми жауапта.


Биыл 170 мың тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Ал қаңтар-тамыз айларындағы көрсеткіш бойынша 93 мың тұрғын үй пайдалануға берілді.  8 айдың қорытындысымен республиканың 18 өңірінде пайдалануға берілген баспана өсімі тіркелді. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша Шымкент қаласы көш бастап тұр. Яғни үшінші мегополисте құрылыс 27%-ға артып, 649 мың ш.м. жетті.  Одан кейінгі орында Жетісу, Қарағанды облыстары тұр.