Биыл алғаш рет Ұлттық кітап күні тойланды. Апта бойында түрлі мәдени іс-шаралар мен әдеби кездесулер, сондай-ақ, кітап көрмелері ұйымдастырылды. Бір жетіге жалғасқан мереке «Мәртебелі кітап» кешімен қорытындыланып, сала мамандары мен үздік оқырмандар марапатталды.


Кітап – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір. Ол адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі мен білімін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Ал кітапхана осы байлықтың қазынасы. Қаладағы 6 кітапхана мен оның 37 филалы апта бойында руханият пен білімнің бастауы болған кітаптың қадірін арттыруға атсалысып, жас ұрпақты рухани тәрбиеге баулудың тамаша тәсілін көрсетті.


Әр шығарма – жаңа әлем, жаңа ой. Кітап арқылы жастардың ой-өрісін кеңейтіп, олардың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына ықпал етеміз, деген кітапханашылар жылдан-жылға оқырмандар санының артып келе жатқанын айтады.


Апталық аясында белсенділік танытқан кітапхана ұжымдары мен осы салаға еңбегі сіңген қызметкерлер марапатталып, бір марқайды. Сондай-ақ үздік оқырман, кітапты ең көп оқитын отбасы, үздік кітапқұмар жұлдыздар да алғыс хатқа ие болды.