Шымкентте төрт күннің ішінде 5 368 жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Жол апатының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпте рейд жүргізіп жатыр. Оған күн сайын патрульдік полиция полкінің 371 қызметкері мен 121 арнайы автопатруль жұмылдырылды. "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесі кезекті баспасөз-брифингісінде айтылды.
Профилактикалық апталықтың алғашқы төрт күнінде 161 көлік айыптұраққа қойылып, оның ішінде 36 мопед пен скутер түрлі заңбұзушылықтар жасаған. Сондай-ақ көлік құралдарын рұқсатсыз қайта жабдықтаудың 190 дерегі тіркелген. Заң талаптарын бұзғандар қатарында жолаушылар тасымалымен айналысатын 39 автобус бар.
Жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген 1, мас күйде көлік басқарған 10 азамат, жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан рөлге отырған 2, қарсы бағытқа шыққан 7, апатты жағдай туындатқан 20, заңсыз жолаушы тасымалдаған 3 жүргізуші жауапқа тартылды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, рейд мамыр айының 19-на дейін жалғасады.
Аталған іс-шараға жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 400-ге жуық полиция қызметкері тартылған. Сонымен қатар көлік құралдарының, соның ішінде балалар мен қалааралық бағыттағы жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың техникалық жағдайы тексерілуде. Сондай-ақ полицейлер биылғы 5 сәуірден бастап мопедтердің ресми түрде механикалық көлік құралдарына теңестірілгенін еске салды. Бұл олардың иелерін тіркеуден өтуге міндеттейді. Қазіргі таңда қалада 2000-нан астам мопед тіркелген.