Кәмелеттік жасқа толмаған балаларға түнгі уақытта ата-анасыз беймезгіл жүруге болмайды. Сондай-ақ дәмханалар мен караоке-барларға, ойын клубтарына жасы 21-ге толмаған жеткіншектерге алкогольді ішімдік сатуға тыйым салынған. Шымкенттегі ойын-сауық орталықтары аталған ережеге қаншалықты бағынады? Тұран ауданы әкімдігі, тәртіп сақшылары мен жастар орталығының арнайы мамандары рейд жүргізіп, тиісті орындарға тексеріс жасады.


 Жауаптылар бірнеше ойын-сауық орталықтарына бас сұғып, мекеме әкімшілігіне дәл осылай ескерту жасады. Басты мақсат - жас өреннің теріс жолға түспеуін қадағалап, жаман әдеттен тыю. Мамандар кафе, бар, мейрамхана, компьютерлік клубтарды ұдайы тексеріп, балалардың тыйым салынған уақытта, рұқсат етілмейтін өнімдерді тұтынбауын бақылайды. Заң бұзушылық анықтала қалса:


 МАҚСАТ ТҰРЛЫБАЕВ, ТҰРАН АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ

 – «Бірінші мәрте кездескен жағдайда ата-анасына ескерту жазылады. Ал жағдай қайталанса 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады.» 


12 маусымға дейін қала аумағында психотроптық өнімдерге қарсы күшейтілген акция өтеді. Жоба аясында полицейлер ойын-сауық орталықтарын тексеріп, профилактикалық іс-шараларды жүргізеді. Қауіптің алдын алу мақсатында түнгі клубтар мен ресторандарға ескерту жасалып, заңды жауапкершілік нормалары түсіндіріледі. Тұран ауданы әкімінің орынбасары, ауданда мұндай іс-шаралардың жиі өтетінін айтады.


БАҚЫТ МЕЛДЕБЕКОВ, ТҰРАН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

 – «Жиі өтіп тұрады. Айына екі рет.»  «Кафе, ресторан иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.» 


Кезекті рейддік іс-шара барысында жауаптылар бірнеше дәмхана мен түнгі ойын-сауық орталықтарын тексерді. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын түсіндірді. Ешбір оқыс оқиға, заң бұзу жайттары тіркелген жоқ.