Жылдың үздік оқырманы анықталды. Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейі жанынан құрылған «Оқырман» әдеби ұйымының мұрындық болуымен өткен іс-шараға бас-аяғы 40-қа жуық оқушы қатысып, 7 ай бойында әдеби шығармаларды талдады. 23 сәуір – “Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау” күні қарсаңында білім ұясы әдеби клубтың қорытынды кешін өткізіп, жеңімпазды анықтады.
Оқушылар әр аптаның дүйсенбісінде оқыған шығармаларын талдап, түрлі тақырыпты қамтуға тырысқандарын айтады. Бүгін белгілі жазушы Сайын Мұратбековтің «Ананың арманы» шығармасы талданды.
Әдеби жыл қорытындысы аясында Нұрай Жеңісқызы суырылып алға шығып, жеңіпаз атанды. Үздік оқырман 7 айдың ішінде 30-ға жуық шығарманы оқып, оны кеңінен талдаған. 7 «Ә» сынып оқушысына демеушілер тарапынан велосипед табысталды.
«Оқырман» әдеби ұйымы мектеп қабырғасында 2021 жылы білім ұясының басшысы Ләззат Жанәліқызының бастамасымен құрылған. Мұндағы мақсат – кітап оқу арқылы жастардың ой – өрісін кеңейтіп, олардың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына ықпал ету. Оқушыларға қолдау білдірген ұстаздар да жоба аясында құр алақан қалмады. Сондай-ақ белсенді деп танылған 5 оқушы арнайы алғыс хатқа ие болды. Айта кетейік, жоба жазғы демалыс кезінде де жалғасады. Оқушылар мен ата-аналар және ұстаздардан құралған оқырмандар ұжымы тапсырылған шығармаларды оқып, талдау арқылы бағалы сыйлықтарға ие болу мүмкіндігі бар.