Шымкенттік көрермен Мұқағали бейнесіне басқа қырынан үңілді. Шаһарға елордалық музыкалық жас көрермен театры арнайы келіп, ақынның шығармашылығына негізделген «Ғашық жүрек» қойылымын сахналады. Онда ақынның ішкі тебіренісі, болмыс-бітімі, қара өлеңге деген жанкештілігі көрсетілді.
Басты рөлді танымал актер Асылхан Төлепов сомдады. Сөзінше, ақын табиғатын ашып, өмірінің қалтарыс-бұлтарысын көрсететін образға ол жіті дайындалған. Халық қалаулысын сахналап, оны жүрекпен сезіну – үлкен жауапкершілікті талап етеді деген өнерпаз қойылым алдында толқып тұрғанын жасырмады.
АСЫЛХАН ТӨЛЕПОВ, АКТЕР
– «Мұқағали атамыздың рөлін сомдау үлкен жауапкершілік қой. Ашық алаң бола ма.. Мұның өзі үлкен сахна сондықтан кішкене алаңдап тұрған жайымыз бар.»
Аяулым Леспаева астаналық ұжымның жанкүйері. Қойылым афишасын көріп, сапар жайынан хабардар болысымен-ақ «Шымкен сити» саябағына асыққан. Спектакльді тамашалап, сүйікті театрымен қауышқан ол қойылымнан ерекше әсер алғанын айтады.
АЯУЛЫМ ЛЕСПАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Бүгінгі кеш көңілімнен шықты. Мағна концерт қатты ұнады.» –«Меніңше Асылхан Төлепов өз рөлін ойдағыдай орындап шықты.» «Бұған дейінде жас көрермен театрына барғанмын, бүгінгі қойылым әдеттегіден ерекше болды.»
Театрлық көрсетілім ақиық ақын есімін иеленген көпқабатты «Мұқағали» тұрғын үй кешенінің құрметіне сахналанған. Кеште жаңа ғимараттың таныстырылымы өтіп, келушілерге ақпарат берілді.
АЙДАР САТТАРОВ, OTAU GROUP ЖШС КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ
– «Бағалы сыйлықтар ұтысы болады. Бұл іс-шара мәдениетке қосқан компаниямыздың үлесі.»
Спектакль алдында келушілер ақын шығармашылығы жайында қойылған викториналық сауалдарға жауап беріп, бағалы сыйлықтарға қол жеткізді. Сондай-ақ ерікті көрермендер шайыр өлеңіне жазылған әуендерді шырқап, тұрғындарды тәнті етті.