Жолдағы қауіпсіздік, апатты оқиғалардың алдын алу кезек күттірмейтін мәселе. Саладағы қауіпсіздікті күшейтіп, оқыс жағдайларды болдырмау мақсатында алқалы жиын, келелі кеңес ұйымдастырылды. Әкімдік ғимаратында өткен іс-шараға өңір басшысы арнайы қатысып, түйіткілді мәселелерді талқылады. Жауаптыларға жұмыстарды ширатып, күшейту қажетін ескертті.


 Өңір аумағында күнделікті жол қауіпсіздігін 290 патрульдік полиция қызметкері бақылап, кірпік қақпай күзетеді. Жұмыстарды жүйелеп, жетілдіру мақсатында цифрлық құрылғылар күшейтілген. Жылдамдық режимін қадағалау үшін 25 мобильді кешен жұмыс істейді. Бағланбек Айтпаевтың сөзінше жол-көлік оқиғаларының саны артып, күре жолда қаза табатындар көбейген.


БАҒЛАНБЕК АЙТПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

 – «Жол-көлік оқиғаларының саны 18,4 пайызға, қаза болғандар 77,1 пайызға, жарақат алғандар 16,7 пайызға өсіп отыр. Жол-көлік оқиғаларының саны бірден-бір себебі – есепке алу критерийлерінің өзгеруіне байланысты екенін атап өткен жөн. Бас прокуратураның жаңа талаптарына сәйкес жол-көлік оқиғаларына қатысты медициналық мекемелерге жүгінген адамдардың барлығы денсаулығына зиян келсе де келмесе де есепке алынады.» 


 Өз кезегінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров сала жауаптыларына жұмыстарды ширатып, жетілдіру қажетін айтты. Жол белгілерін қажеттілігіне қарай жаңартып, рейдтік шараларды күшейту қажетін тапсырды.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

– «Облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын-алу бойынша нақты шараларды қабылдауды тапсырамын. Жол таңбаларын қажеттілігіне қарай өзгерту қажет.» 


Наурыз айында «Түркістан-Шымкент», «Шымкент-Тараз» бағытындағы ақылы жолдарға орташа жылдамдықты есептеу бейнекамералары орнатылған болатын. Аталған әдіс тиімділігін көрсетіп, іске қосылғанан бері бұл бағытта жол-көлік оқиғасы тіркелмеген. Сондай-ақ күре жолда қарсы бағытқа шығып кету деректерін дронмен анықтау мүмкіндігі де жүзеге асқан.