Түркістандықтар жаппай таңғы жаттығу жасады. 1-маусым «Халықаралық балалар күні» және «26-маусым Халықаралық нашақорлықпен және есірткі бизнесінің айналымына қарсы күрес күніне» орай ұйымдастырылған шараға 1000-ға жуық қала тұрғыны қатысты. Олар кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен бір мезгілде дене қыздыру және тыныс алу жаттығуларын орындады.


Жағымды атмосфера мен белсенді музыкалық сүйемелдеу таңғы жаттығудың көңілді әрі әсерлі өтуіне сеп болды. Ашық аспан астында алдымен денелерін қыздырып алған тұрғындар тыныс алу жаттығуларын да орындады.


Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада әсіресе, жастардың белсенділігі көзге бірден түсті. Қатарластарына үндеу жолдап, нашақорлыққа қарсы екендерін білдірді.


 Есептік мерзімде есірткінің заңсыз айналымына қатысты өңірде 139 дерек анықталып, 198 килограммнан астам есірткі заттары тәркіленген. Нәтижесінде 2 лабораторияның көзі жойылып, аса ірі көлемдегі сатудың 9 дерегінің жолы кесілген.


 Есірткі қылмысымен және нашақорлықпен күресудің тиімді тәсілдердің бірі алдын-алу. Бұл бағыттағы жұмыстар айлық аясында ғана емес, жыл бойында жалғасатын болады. Осы орайда, тәртіп сақшылары талаптың күшейгенін тағы бір мәрте еске салады.