Шымкенттік дәрігерлер азаматтарды саябақта қабылдады. Қала көшелерінде серуендеп жүрген тұрғындарды «Денсаулық бұрышына» шақырып, олардың қан қысымын өлшеп берді. Игілікті іс аптап ыстықта денсаулығында кінараты бар азаматтардың өмірін жақсартуға мүмкіндік сыйлады.
Орталық саябаққа жайғасқан дәрігерлер №1 қалалық емхананың қызметкерлері. Олар жергілікті тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетті. Қан қысымын өлшеп, қандағы қант мөлшерін тексеріп берді.
МАХАМБЕТ БЕЙСЕУОВ, №1 ЕМХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
Азаматтармен сөйлескенде денсаулығым жақсы деп жатады. Бірақ осы емханаға келуге уақыт таппайды. Сондай азаматтарға мынау таптырмас мүмкіндік болып отыр.
Ләззат Хидиярованың жасы 62-де. Қан қысымы бойынша есепте тұрады. Бүгінгі саябақтағы қабылдау кейуананың денсаулығын уақытылы тексертуге мүмкіндік сыйлады.
ЛӘЗЗАТ ХИДИЯРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Мынау жақсы ғой. Қанымды тексерді, давлениемді өлшеді. Бәрі жақсы деп берді. Енді беймарал серуендеймін. Алаңдамаймын.
Мұндай іс-шаралар жылына екі рет өткізіліп тұрады. Халық көп шоғырланатын орындардағы денсаулық бұрышы талай азаматқа көмек қолын созған.
АХМЕТ БЕДЕН, ӘМСҚ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Біз үнемі телеарна арқылы шыққанда көп байқаймыз, мынау азаматтар емханаға бара алмай жатады. Оған уақыт жетпейді. Ал бұл жерде базарын базарлай жүріп, денсаулығына да мән беріп үлгереді.
Бір күндік іс-шара шаһардың 4 жерінде қатар өтті. 500-ге тарта азамат 20 дәрігердің қабыладауында болып, кеңес алды.