Шымкентте жаңа автобекет ашылды. Енді «Дархан» сауда үйі мен «Көмеш бұлақ» базарынан қозғалатын транспорттар легі түгел «Қазығұрт» автотұрағына көшіріледі. Ескі әдетіне басып, үйреніскен орнын қимағандар айыппұл арқалайды.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
- «Сарыағаш, Келес, Қызығұрт, Жібек жолы жеңіл көліктер мен қоғамдық көліктер «Көмешбұлақ» аялдамасы маңынан емес, «Қазығұрт» автобекетінен жолға шығатын болды. Автотұрақтың автокөліктерге арналған екі аумағы бар. Оның бірінен 135 қоғамдық көлік, тағы бірінен 150-ге жуық такси жолға шығып, қызмет көрсетеді.»
Пернебай Елемесов – 10 жылдан бері Шымкенттен Жібек жолы бекетіне жолаушы тасымалдайды. Сөзінше, жаңа бекет бұрынғысынан орнынан әлдеқайда кең, қозғалысқа ыңғайлы.
ПЕРНЕБАЙ ЕЛЕМЕСОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ
– «Мына жер енді кең ғой, жақсы мына жер. Көмеш бұлақ кірерде тар, шығарда тар. Кептелік болып тұрады арасында. Мына жерде ондай болмайтын сияқты, өйткені кең.»
Автобекеттің жалпы аумағы 1,2 гектар. Ал ғимараттың көлемі 1200 шаршы метрді құрайды. Тәулігіне 1000 жолаушыны тасылмалдауға қауқарлы. Бекет ішінде асхана, сауда орындары мен күту аймағы, медициналық көмек кабинеті және мінәжат бөлмесі қарастырылған. Құрылыс жұмыстары небәрі 5-6 айда аяқталған нысанға 200 млн теңге жұмсалған.
ДӘУРЕН ЖАУЛЫБАЕВ, АВТОБЕКЕТ ДИРЕКТОРЫ
– «Сарыағаш, Жетісай, Абай, Қабланбек, Жібек жолы бағыттары бойынша жүреді.»
Автотұрақ қаланың қақпасында орналасқан. Бұрынғы орнынан біршама алыс. Бірақ, бұл жолаушыларға еш кедергісін келтірмейді, - дейді Ролан Ибрагимов. Жауаптының сөзінше жаңа автобекеттің іске қосылуына орай 9 автобус бағытына өзгерту енгізіліп, тұрақ аялдамасына сәйкестендірілген.
РОЛАН ИБРАГИМОВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Бірінші кезекте заңсыз тасымалмен айналысатын «Көмеш бұлақ» пен «Дархан» автобекетіндегі қозғалысты осында алып келіп заңдастыру бағытында қала әкімі тапсырма берген болатын.»«Қала тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін 9 автобус осы жерге дейін келетін болады»
Ашылу салтанатына аға буын өкілдері мен көлік жүргізушілер қатысып, салтанатты рәсімде нысанның лентасын қиды. Ғимарат ішін аралап көріп, оң бағасын берді.