Шымкентте Шекара қызметінің 25 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шарада шекара қызметінің құрылу тарихы мен даму кезеңдері кеңінен айтылды. Мемлекеттік шекараны қорғаудағы стратегиялық басымдықтар, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудегі шекара құрылымдарының рөлі талқыланды.
Конференция жұмысына шекара қызметінің ардагерлері мен офицерлері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Панельдік сессиялар ұйымдастырылып, қоғам мен қауіпсіздік құрылымдары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері көтерілді.
САПАРҒАЛИ ТҮЙМЕБЕКОВ, АРДАГЕР ШЕКАРАШЫ
Шекара шебінде талай боздағымыз бақилық болды. Елдің жерін қорғап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде олардың еңбегі ұшан теңіз. Біз осындай азаматтарымызды ұмытпауымыз керек.
Іс-шара барысында фото-көрме, архивтік материалдар мен заманауи техникалардың таныстырылымы өтті. Бейнеқоңырау арқылы сала көшбасшылары көрші елдермен байланыстар орнатты. Одан соң шекара қызметінің ардагерлері мен үздік қызметкерлеріне арнайы марапаттар табысталды.
ЕРХАТ РАФИКОВ, ҚР ҰҚК ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНІҢ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
2025 жылғы 4 маусым күні Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шекара қызметінің атқаратын рөлі зор. Мемлекет тыныштығын қорғау, шекара шебін бұздырмау маңызды іс.