Шымкентте теңге ілуден тұңғыш Әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жарыс ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, Шымкент қаласының әкімдігі және AlemAgro компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Чемпионатқа 11 елдің таңдаулы 34 шабандозы қатысып жатыр. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қытай және Ресейдің спортшылары бар. Әр қатысушы өз елінің намысын қорғап қана қоймай, ұлттық спорт түрінің беделін халықаралық деңгейде дәріптеуді мақсат етеді.
АЙБЕК ТҮРКЕБАЙ, ҚР ТЕҢГЕ ІЛУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
Теңге ілуден алғаш әлем чемпионаты өтуде. Жарыс негізі 3 күнге жоспарланған. Бірінші күні мандаттық комиссия өтті. Екі стиль бойынша чемпиондар анықталды. Жүлде қоры 3 млн теңге.
Бүгінгі жарыс күнінде қазақстандық шабандоз Азат ерекше нәтижемен көзге түсті. Жылдамдығы мен дәлдігі арқылы ол көпшіліктің назарын аударып, бес белес стилінде чемпион атанды. Оның шабытты өнер көрсетуі ұлттық спорттың болашағы зор екенін көрсетті.
АЗАТ ТҮЛКІБАЙ, ТЕҢГЕ ІЛУДЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ
Теңге ілу спорты бойынша алғашқы чемпион болып отырмын. Еңбектің арқасы. Мен 5 жылдан бері кәсіби деңгейде дайындалып келем. Қарсыластар мықты. Бәрі жеңіске жетемін дайындалып келген.
Чемпионат 3 күнге созылады. Финалдық сайыстар мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 6 маусымда өтеді. Ұйымдастырушылар бұл сайысты тек жарыс емес, ұлттық рух пен бірлікті дәріптейтін шара ретінде атады.