Ертең Құрбан айт. Бүгін – арапа. Қызу дайындық басталды. Құрбай айт — иісі мұсылман үшін ең ұлық мейрамдардың бірі. Қасиетті күндерде Алланың разылығы үшін құрбандық шалуды ниет еткен жандар бүгінде мал базарларына ағылуда. Ондағы бағаны әріптесім Гүлнара Асқарқызы бағамдап көрген еді. Келесі сюжеттен көрейік.


Құрбан айттың қарсаңында мал базарындағы төрт түліктің саны әдеттегіден екі есе көп. Бағасы да өткен базарларға қарағанда қымбаттау. Тоқтылар 60 мыңнан басталса, жасынан асқан тұсақтар 90 мың теңгенің төңірегінде. Ал, ірі қойлар 110 мың мен 130 мың теңгенің аралығында сатылып жатыр.


ЕРКЕБҰЛАН ТАЛАСБЕК, САТУШЫ

«1 жасарлар етіне қарай болып жатыр. Мысалы, 20 кг беретіндер 65-70 сондай бағада. Саулық, қошқарлар 40 кг қойлар 100 мың болып жатыр ғой. Орта есеппен еттің бағасын 3 мыңнан есептеп жатыр ғой халық».


МҮСЛІМ ҚЫМБАТБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

«Қымбат болып жатыр. Сол бір 100 – 120 көрейік деген едік, екеуін болса деп та. Орташа біреуін көріп жатырмыз. Таппай жатырмыз».


Қойдан бөлек базарда қара малдың да саудасы қызып тұр. Тана мен баспақтың орташа бағасы 300 мың теңгеден басталса, сауынды сиырлар 500 мыңға дейін сатылып жатыр. Сатып алушылар бұл бағаларды қымбат десе, сатушылар арзан деп тұтынушылардың айтқан бағаларына көңілдері толмай отыр.


ДӘУЛЕТҚАЛИ ӘДЕШОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

«Айтқа қарсы малды тығып тастаған. Қой жағы әсіресе. Сиыр жақ төмен болып жатыр. Сұрағанға беріп кеттік әншейін. 4 жасар қара малды 415 мың теңгеге сатып кеттім. 500 мың теңге болатын шығар деп келген едім үйден».


Мұндағы әрбір мал базар қақпасынан құжатымен кіреді. Ал құжатсыз келгендері кері қайтарылады. Мал иелері базардың ішкі тәртібіне бағынуы тиіс. Алайда, базар басшылығы бағаға келгенде араласа алмайтындықтарын айтып отыр. Дегенмен, Құрбан айттың қарсаңында төрт түліктің құнын көтермеуді сұраныпты.


ТАЛҒАТ ЕЛІКБАЕВ, ӘКІМШІ

«Алып келген малдарына біз тұрақты баға бере алмаймыз енді. Өздері біледі енді қаншадан алып, қаншадан сататындарын. Сіз лажы болса қымбаттатпауды қалаймыз, халықтың жағдайына байланысты. Қазір халық та қиналып жүр».


Құрбандыққа бір немесе екі көзі жоқ, құлағының басым бөлігі кесілген, ауру, ақсақ, әлсіз, арық, тістерінің көбісі жоқ болса, мүйізі түбіне дейін сынған болса, лас тағамдармен тамақтанған малды шалуға тыйым салынады. Құрбандық етін үлестіргенде 3/1 бөлігін өз отбасына алып қалып, 3/1 бөлігін туған туыс көршілеріне тарату қажет. Ал 3/1 бөлігін кедей және мұқтаж адамдарға беру керек. Құрбандыққа шалынған малдың терісін, басын, етін саудаға салмайды. Айт күндері Шымкентте 4 мал сою бекеті жұмыс істейтінін айта кетейік. Сол жерлерден qurban2025.kz сайт арқылы құрбандық малын таңдап, қашықтықтан құрбандық шалсаңыз да болады.