Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Эколог күніне орай Ұлттық арна эфирінде «Таза Қазақстан – таза болашақ» телемарафоны өтіп жатыр. Бүгін күні бойы тікелей эфирде қоғамның экомәдениеті, Қазақстандағы экологиялық мәселелердің шешілу жолдары сынды өзекті мәселелер талқыланып, білікті мамандармен сұхбат өтеді. Сондай-ақ Есіл өзенінің жағасында көшпелі студия жұмыс істейді. Ел аймақтарымен және шет мемлекеттермен тікелей байланыстар орнатылады.


«Таза Қазақстан» бұл жай ғана ұран немесе бір реттік акция емес. Бұл – тұтас қоғамның мәдениеті, тәрбиесі мен ғылымның бір арнада ұштасатын тұсы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен былтыр қолға алынған игі бастама бүгінде еліміздің барлық өңірінде қолдау тауып, мыңдаған еріктінің қатысуымен өтіп жатыр. Мақсат – тек айналаны емес, сананы тазарту, экологиялық мәдениетті қоғамның күнделікті дағдысына айналдыру. Қоқысты сұрыптау, суды үнемдеу, табиғатты бүлдірмеу – бұның бәрі өркениетті елдің өлшемі. Осы құндылықтарды әсіресе жас ұрпақтың санасына сіңіру – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Тазалық – қазақтың болмысына тән қасиет, ал оны сақтау – әр азаматтың парызы. Сондықтан бүгінгі телемарафонда осындай қоғамды ізгілікке үндейтін бастамалар көтеріледі. «Таза Қазақстан – Таза болашақ!» – баршамызға ортақ жауапкершілік.