Елімізде былтырдан бері TazaQazBot телеграм-чат-боты жұмыс істейді. Бұл – экологиялық мәселелерді шешу үшін және халықтан түскен өтінімдерді тез арада реттеу мақсатында іске қосылған еді. Чат-бот қалай жұмыс істейді? Бүгінге дейін қанша шағым тіркелді? Толығырақ сюжеттен көріңіз.


АҚНИЕТ БАЛТАНОВА, ТІЛШІ

TazaQazBot деп аталатын чат-ботқа тіркелу үшін телеграмның іздеу тетігіне атауын жазасыз. Ішіне кіріп, start батырмасын басыңыз. Келген жауаптан соң, телефон нөміріңізді тіркеңіз.Одан кейін ЖСН нөміріңізді де енгізесіз. Сонда сізге 4 таңдау шығады:

біріншісі, жаңа өтінім беру;

екіншісі, бұған дейін берген өтінімдеріңіздің тізімін көру;

содан соң бот туралы ақпарат:

және боттың жұмысы жайында пікірмен бөлісу.

Осы 4 тетіктің бірін таңдап, жұмысыңызды жалғастырасыз. Мәселен, жаңа өтінім берсеңіз, дәлел ретінде фотосурет тіркеп, жағдайдың анық-қанығын баяндап, жазу қажет.


ТӨРЕГЕЛДІ АЙНАБЕКОВ, ҚР ЭТРМ ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ ЖӘНЕ ЖОБАЛЫҚ БАСҚАРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

Бұл өтініш әкімдікке келіп түседі, әкімдікте жауапты орындаушы тағайындалады және жергілікті атқарушы орган бұл өтінішті орындайды. Жұмыс аяқталғаннан кейін барып, жергілікті атқарушы орган фотоесепті тіркейді. Яғни өтініш беруші адам оның орындалуын байқап отырады.


АҚНИЕТ БАЛТАНОВА, ТІЛШІ

Бір жыл ішінде чат-бот арқылы 19 334 өтінім келіп түскен. Оның 17 мыңнан астамы орындалды, 300-ге жуығы әлі қаралып жатыр, ал 1209 өтінім әртүрлі себептермен кері қайтарылған. Тұрғындар көбіне аумақтарды тазарту, көшені абаттандыру және тұрмыстық қалдықтарды шығару мен жол жөндеу мәселелері бойынша өтініш-шағымын тіркеген.


Ең көп өтінімдер Алматы, Түркістан облысы және Астана қалаларының тұрғындарынан келіп түскен. Сіз де TazaQazBot телеграм чатына тіркеліп, еліміздің экологиясын жақсартуға үлес қоса аласыз!