Алматы облысындағы «Көлсай» көлінің аумағы қоқыстан тазартылды. Сенбілікке 250 студент қатысты. Жалпы аумағы 160 мың гектардан асатын ұлттық паркте «Таза Қазақстан», «Таза аймақ», «Мөлдір бұлақ» және «Су тіршілік көзі» акциялары жиі ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, былтыр еріктілердің атсалысуымен аумақтан 100 тоннадан аса қоқыс шығарылған.


ҚУАН НҰРАҚЫН, ТІЛШІ

Қазақстанның оңтүстік шығысында, Тянь-Шань тауының қуысында жатқан бұл «Көлсай» көлі қазір елімізге ғана емес, шетелге де танымал. Бұл тұмса табиғатты таза қалпында сақтап қалу мақсатында сенбілік үзбей өткізіліп тұрады. Алматыдан келген жүздеген студент қоршаған ортаны қорғау акциясына атсалысып, табиғатты аялау басты мақсатымыз, - дейді.


БЛИЦ:

- Осы акция арқылы біз өзіміздің табиғатымызды сақтай аламыз. Және таза табиғат болса болашағымыз да таза болады. 01:00

- Осы табиғатымыз бізге қалай жеткізілді біз өзімізден кейінгі ұрпаққа солай жеткізуіміз азаматтық борышымыз деп білемін. Өйткені, өзіміздің артымыздан өсіп келе жатқан ұрпағымыз біз көрген нәрсені олар да көргенін өз басым қалаймын.


ҚУАН НҰРАҚЫН, ТІЛШІ

Қорғалатын табиғи аумақтар, атап айтқанда ұлттық парктер экологиялық туризмді дамытуда ерекше рөл атқарады. Қазір көл маңындағы тұрақты көшіру мақсатында 2 гектар аумаққа жаңа көлік қоятын орын салынып жатыр. Жұмыс аяқталса экологияға оң әсерін тигізіп, көлге қарай техника көтерілмейтін болады.


ХАМИТ АХМЕТОВ, «КӨЛСАЙ КӨЛДЕРІ» ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Осы жерден жоғары қарай тек қана электрлі автомобильдер ғана жүретін болады. Бұл дегеніміз біріншіден, «Көлсайдың» экологиялық жағдайына оңтайлы жағдай қалыптастырады. Екінші жағы көлік кептелісі, жоғары тұраққа сыймаған автокөліктердің бәрін осында түсіру мақсаты болып табылады.


ҚУАН НҰРАҚЫН, ТІЛШІ

Сұлулығына көзің тоймайтын мұндай мекен төрткүл дүниеде сирек болғандықтан, жыл өткен сайын Көлсайды тамашалауға келетін шетелдік туристер саны артуда. Қазірдің өзінде тәулігіне 5-6 мың адам айнадай жарқыраған көлді көруге келеді. Мәселен, былтыр, 390 мың жиһанкез осында аяқ басса, биыл олардың саны 500 мыңға жетуі мүмкін, - дейді парк қызметкерлері.