Шымкенттің ауасы ластанған. Мамандар мұны ауаға тасталған зиянды заттардың көбеюімен байланыстырып отыр. Жыл басынан экологияға залал келтірген 13 кәсіпорынға 20 миллион теңге айыппұл салынған. Бұл туралы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған іс-шарада экологтар мәлімдеді.


Шаһардағы Абай саябағына жиналған жастар: балалар үйінің тәрбиеленушілері мен еріктілер. Олар қоршаған ортаға қамқорлық танытып, экологиялық ахуалды жақсартуға атсалысқан. Сол жанашырлықтары үшін бүгін марапатталды. Қатарларында эколог мамандар да бар.


Мамандар соңғы жылдары Шымкенттің экологиялық ахуалы көңіл көншітпей тұрғанын айтады. Өткен жылы кәсіпорындарға орнатылған автоматтандырылған эко бастама нәтижесін берген. Десе де таза ауға салғырт қарайтындар азаяр емес.


ЕРМАХАН ҚОЗЫБАЕВ, ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

Қазір көптеген аурулар осы ауа арқылы беріледі. Қоршаған ортамыз таза болса, біз де деніміз сау болады. Сондықтан азаматтарды ауаны таза ұстауға шақырамын.


Қазір Шымкентті нағыз шым қала ету жолындағы жұмыстар жанданған. Мамандар қаланы көгалдандыру жұмыстарының қарқынымен бөлісті. Қошқар ата өзенін абаттандыру ісі қолға алынған.


ӘБІЛХАЙЫР ОҢҒАР, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Қошқар ата өзенінің жағалауын көгалдандыру жұмыстары қолға алынды. Тамшылатып суару әдістері жүргізіліп жатыр. Ол да экологияға оң әсерін тигізеді.


Елімізде қолға «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы да өз нәтижесін беріп келеді. Мамандар осы бастама азаматтарды қоршаған ортаны таза ұсатуға тәрбиелеп келе жатқанын айтып отыр.