Астана аумағындағы «Жасыл белдеуде» экотуризм дамып келеді. Бас қаланың орман алқабында қазірдің өзінде бір айда кемінде 200 мың адам серуен құрады. Оған еліміздің әр өңірінен тұрғындар келеді. Олар алқапта ғана өсетін сирек кездесетін ағаштарды, аң-құстың түр-түрін көру үшін келеді.


Астана маңында орман өсіру осыдан 28 жыл бұрын қолға алынды. Содан бері мұнда 10 миллионнан астам ағаш пен 2 миллиондай бұта отырғызылды. Бүгінде бас қалаға сая болған мәуелі бақ арқаның азынаған желі мен аязын бөгейтін берік қорған ғана емес, қала қонақтары мен тұрғындарының жиі келетін демалыс орнына айналды. Мұндағы 50 туристік аумақ күніне кем дегенде 150 адам қабылдайды.


МҰХИТ РАМАЗАНОВ, «ЖАСЫЛ АЙМАҚ» РМК БАС ДИРЕКТОРЫ

Осы орман шаруашылығы қорының жерінен өзінің бизнесін дамытамын, рекрациялық туризм орнын ашам дегендерге заң шеңберінде 49 жылға жалға беріліп жерлер демалыс орындары салынып жатыр.


Тамыры тереңге жайылған жасыл желек жыл өткен сайын көбейе түседі. Оның бәрін күтіп-баптайтын маман керек. Сондықтан орманшылар осы бағытта оқып жатқан жастарды орман өсіру кәсібінің қыр-сырына қазірден баулып жатыр. Бұл жолы экология және табиғи ресурстар министрі арнайы келіп, студенттерге дәріс өткізді.


ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ

Астанада қазір көбіне осы жапырақты ағаштарды егіп жатыр. Ол үлкен бір саясат.  Осы орманның арқасында ғалымдар мен өндірістегі мамандар иөзінің білімін әлдеқайда толықтырып алды.


ДАНА ӘБДІСАМАТ, СТУДЕНТ

Айтады ғой бір тал кессең, он тал ек деп. Мен осы ұранды ұстанамын. Жасыл аймақ секілді елді-мекендерді ашып, көгалдандырғым келеді. Бізде Қазақстанда орман алқаптары аз ғой, соны дамыту керек.


«Жасыл белдеуде» тазалық – басты назарда. Бұл ретте орманшылардың құзіретін кеңейту көзделіп отыр. Яғни олар енді қоқыс-тастап, тәртіп бұзғандарға құзырлы органдардың шешімінсіз, бірден әкімшілік хаттама толтыра алады.