Шымкентте қала күнін тойлауға дайындық басталып кетті. Көпшілік 10 күндік аясында «Той-Думан» радиосының ұйымдастыратын концертін асыға күтіп жүр. Осыған байланысты әлеуметтік желіде әнші Мөлдір Әуелбекова арнайы жазба жариялаған. Оның сөзінше, бұл кешке жергілікті бюджеттен 300 миллион теңге қаржы бөлініпті. Алайда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек бұл жазбаның шындыққа жанаспайтынын айтты. Яғни қала қазынасынан ешқандай қаржы қаралмаған деді ол.


«Той-Думан» радиосы бірнеше айдан бері арнасында 19 маусым күні Шымкенттегі Астана алаңында ауқымды концерт өтетінін және оған кіру тегін екенін айтып, көрермен шақырып жатыр. Кештің ұйымдастырылуына қатысты әнші Мөлдір Әуелбекованың жазбасын қала билігі елеусіз қалдырмай, нақты жауап берді.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ

Шымкент қаласы 300 миллион теңге бөліп Той-Думан фестивалін өткізгелі отыр. Бізге әншілерге түкте жоқ деген мағынада болды-ау деймін. Негізі мұның барлығы жалған ақпарат. Шымкент қаласының әкімдігі тек алаңды ғана дайындап береді, дыбысын қояды, сахнасын қояды безендіріп береді. Қалғанынынң барлығын Той- Думан теле радио корпорациясы өз мойнына алып отыр. Әнші кімнің есебінен келеді оған гонорарды кім төлейді.? Оған біздің мәселеміз емес. Мұны Той-Думан корпорациясы өз есебіне алған. Ол кісілердің қарым-қатынасына біз араласпай-ақ қояйық.


Сондай-ақ әкімдік өкілі әлеуметтік желіде тегін таратылған балмұздаққа байланысты бейнежазбаға өз ойын білдірді. Еске сала кетейін 1 маусым күні «Жаңалық» супермаркетінің мерекеге орай ұйымдастырған іс-шарасы дауға ұласқан еді. Тегін таратылған балмұздаққа халық таласып, қолы жетпегендерге ұйымдастырушылар лақтырып берген. 800 балмұздақты тегін таратамын деп жеке кәсіпкердің басы дауға қалды. Сөйтіп ол бес күнге қамауға алынды.