Шымкенттіктер қала күнін 10 күн тойлайды. Іс-шаралар 14-23 маусым аралығында өтеді. Бұған алыс-жақын шетелдерден келетін қонақ көп болады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек мәлімдеді. Қай жерде нақты не өтеді? Брифингке қатысып қайтқан әріптесім Нұрлан Пайзовтың сюжеті.
19 маусым – «Қала күні». Шымкент шаһарының мегаполис статусын алған жылдан бастап тойланып келеді. Биыл арнайы онкүндік іс-шаралар жоспары бекітілген. Осының аясында 14 маусым, яғни алғашқы күн Shymkent Usta Fest атты халықаралық шеберлер фестивалімен ашылады. Оған Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия елдерінен келген ағаш ұсталары қатыспақ. Олар «Арбатта» апта бойы шеберлік сабағын көрсетеді.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Сонымен 15-18 маусым күндері Наурыз алаңында «Оркестрлер шеруі» өтеді. Бұл – еліміздің түкпір-түкпірінен келетін әртүрлі музыкалық ұжымдардың қатысуымен өтетін ауқымды іс-шара. Қазақ ұлттық аспаптар оркестрлері, симфониялық, камералық, эстрадалық, үрмелі және джаз оркестрлері өнер көрсетеді. Ал 18 маусым күні Пушкин атындағы қалалық кітапханада «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» атты халықаралық суретшілер симфониясы ұйымдастырылады. Бұған Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Ресей, Түркия және еліміздің әр өңірінен белгілі қылқалам шеберлері қатыспақ.
Ал 19 маусым күні «Қызғалдақ» сарайында салтанатты жиын өтеді. Онда Шымкенттің дамуына үлес қосқан азаматтарға «Құрметті азамат» атағы табысталмақ. Кешке 17:00-ден 23:00-ге дейін қала орталығында еліміздің 80-ге жуық эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Той-думан» мерекелік концерті өтеді.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
21 маусымда сағат 10:00 де «Түркістан» сарайында қала күніне арналған «Шырайлы, шежірелі, құтты мекен» атты республикалық ақындар айтысы өтеді. Бұған еліміздің сегіз өңірінен 12 ақын қатысып, бас жүлде ретінде автокөлік ойнатылады. Айтысқа кіру билетінің құны барлық орын үшін 1000 теңге. Бұл қаражат толығымен қайырымдылық мақсатқа жұмсалмақ. Тикет Он саты арқылы сатып алуға болады.
22-23 маусым күндері қалада анимация мен кино саласындағы жастарға арналған шығармашылық фестиваль өтеді. Бұл да Шымкентті шығармашыл жастардың мекені ретінде тануға ықпал етпек