Түркістанда халықаралық талаптарға сай атшабар мен ескек есу каналының құрылысы жалғасып жатыр. Облыс әкімі нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты.


Көпфункционалды кешен халықаралық спорт федерациясының барлық талабына сай, заманауи үлгіде бой көтермек. Ал ескек есу каналы рухани шаһарға турист тартып, ірі додаларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Мұнда халықаралық ірі жарыстарды өткізіп, елге турист тарту көзделген. Мәселен, аталған кешен Олимпиада ойындарына енгізілген конкур, үшсайыс және ұлттық спорт түрлерін ұйымдастыруға ыңғайлы, барлық жағдай жасалған. Нысан құрылысын сапалы әрі уақытылы жүргізу мақсатында 30-дан аса техника мен 71 маман тартылған. Нұралхан Көшеров ғимараттың құрылыс жоспарымен танысып, материалдар сапасына жіті назар аударды. Мамандар пікірін тыңдап, жауапты басшылар мен мердігерге нақты тапсырмаларды жүктеді.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Рухани астанаға заманауи рең беріп, өңін ашатын тағы бір ірі жоба - халықаралық деңгейдегі ескек есу каналы. Өңір басшысы құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Спорт кешені академиялық ескек есу спортын жандандырып, туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласының суару жүйесіне оң ықпалын тигізіп, көрнекті ғимараттар қатарын артырады. Үш кезеңнен тұратын нысан құрылысы 2021 жылы басталған. Бүгінде үшінші кезең құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Құрылыс алаңына 165 маман мен 24 техника жұмылдырылған. Кешен жоспарында 1000 орындық трибуна, қайықтар мен спорттық жабдықтарды сақтауға арналған эллинг ғимараты, төрешілер мұнарасы, сүзу жүйелері, инженерлік инфрақұрылым, сондай-ақ көрермендерге арналған табло, көгалдандыру және абаттандыру элементтері қарастырылған.